ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҰРТ НАЗАРЫНДА

ЖАҢА ЖОБАЛАР ЖҰРТ НАЗАРЫНДА

Жуырда аудандық «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының Президент сайлауын қолдау аясындағы желілік кестесіне сəйкес ауданымыздағы ірі шаруашылықтардың бірі «АйрШир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымымен кездесу ұйымдастырылған болатын. Бұл игі шараның мақсаты тұрғындарды партия төрағасы Н.Назарбаевтың жаңа «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Құтты мекен» жəне «Ауыл – ел бесігі» ат ты ұлттық төрт жобасын тиімді жүзеге асыруға атсалысуға шақыру жəне кезектен тыс өтетін Президент сайлауына қолдау көрсетуге үндеу болатын. Аталмыш шараға аудан əкімінің орынбасары Дəрменияр Қыдырбек-ұлы, аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, облыстық мəслихат депутаты Асқар Сүлейменов, аудандық мəслихат депутаттары Сұлтан Нұрдəулетов пен Қалибек Түргенбаев, Панфилов ауылдық округі əкімінің орынбасары Сəуле Мықтыбаева, округтың жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы Бибіжан Сəли қатысып, шаруашылық ұжымы түгелдей жиналды.

Жиылған көпшілік алдында бірінші сөзді аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова алды.

– Қазақстан – бірлік пен береке бесігі, ұлттар достығының айнасына айналған мемлекет. Біз осындай жауапты кезеңде бірлігімізді бекем етіп, ортақ мүдде, ұлтаралық келісім, ішкі саяси тұғырымызды нығайтуымыз керек. Алда келе жатқан жауапты Президенттік сайлау, азаматтық көзқарасымыз, ауызбірлігіміз бен берекеміздің сыналар мерзімі. Еліміздің бас партиясы алдағы сайлауда белсенділік танытуы керек, – деген ол партия төрағасы 2030 жылға дейінгі партия бағдарламасына қатысты нақты жоспарды дайындауды жəне жаңа ұлттық төрт жоба: «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Құтты мекен» жəне «Ауыл – ел бесігі» жобаларын тиімді жүзеге асыруды да нықтап тапсырып, осы жобалар аясында ауданымыз бойынша қыруар жұмыстар қолға алынып, іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Аталған төрт жобаны тарқата түсіндіріп, əсіресе, еліміздегі көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық жайлы айтып өтті. Содан кейін аудандық мəслихат депутаты, «Панфилов» бастауыш партия ұйымының төрағасы Сұлтан Нұрдəулетов тұрақты президенттің болуы еліміздің өркендеу жолында жасалар тағы бір нақты қадамдарының бірі екенін, бүгінде қазақстандықтардың алдында елімізді əрі қарай дамытып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосатын президентті сайлау міндеті тұрғанын тілге тиек етсе, аудан əкімінің орынбасары Дəрменияр Алғатбекұлы да еліміздегі саяси тұрақтылықты алға тартып, алдағы сайлаудың маңызын ашып, жиылған қауымды мемлекет басшысын сайлауға атсалысып, дұрыс таңдау жасауға шақырды. Жиын барысында «АйрШир» ЖШС-нің еңбеккерлері тарапынан сұрақ-сауалдар түсіп, басшылар оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Кездесуге келген қонақтар шаруашылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, мал шаруашылығын өркендетіп отырған серіктестіктің тындырымды тірлігіне разы болып қайтты.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».