Талдықорғанда қазақ мәдениетін әлемге таныту мәселелері бойынша халықаралық конференция өтіп жатыр

Талдықорғанда қазақ мәдениетін әлемге таныту мәселелері бойынша халықаралық конференция өтіп жатыр

Талдықорғанда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениетті ілгерлету» атты I Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт Министрлігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» орталық жобалық кеңсесі, Алматы облысының әкімдігінің  қолдауымен ұйымдастырған ауқымда шараға  Франция, Армения, Қырғызстан, Польша сынды мемлекеттерден ғалымдар келді.

Үш күндік шараның ашылу салтанаты Бикен Римова атындағы драмма театрда өтті. Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов жиналғандарды тарихи тағылымы терең шараның басталуымен құттықтап,  жобаның маңыздылығына тоқталды.

«Бұл — еліміздің рухани, мәдени өмірінде ешқашан болмаған, тұңғыш, әрі теңдессіз оқиға. Жер жүзі Қазақстан қандай ел екенін, қазақ қандай ұлт екенін негізінен осы жоба арқылы танитын болады», — деді Л.Тұрлашов.

Конференцияға халықаралық спикерлер ретінде Сорбонн университетінің профессоры, Халықаралық ғылым және өнер институтының директоры, «Plastik Art & Science» Сорбонн баспа бағдарламасының директоры Ольга Кисселева,  актер, Халықаралық «HIGHFEST» өнер фестивалінің президенті, Метрополитан Лондон университетінің профессоры, доктор Артур Гукасян Қазақстан мен Қырғызстандағы мәдениет және ынтымақтастық мәселелері бойынша Франция Елшілігінің кеңесшісі Гийом Касперский, Белорусь мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, Германиядағы МАГО білім беруді ізгілендіру халықаралық академиясының толық мүшесі Ирина Малахова, драматург, театр сыншысы, «Thaetr — Dialogue» фестивалінің арт — директоры, «Nova Scena» кластерінің негізін қалаушы Томаш Киренчук арнайы шақырылды.

Конференцияның пленарлық отырысының модераторы-танымал тележүргізуші, журналист Айгүл Мүкей.

Қазақстандық мәдениеттің жетістіктерін, салт-дәстүрін әлемге паш ету мақсатында қонақтарға қазақтың ұлттық бұйымдары мен тағамдары кеңінен таныстырылды. Ерекше қызығушылық білдірген қатысушылар ұлттық киімдерімізді киіп, естелік суретке де түсті.

«Қазақстанға Франция елінің мәдениетін таныстыру, тәжірибие алмасу мақсатында келдік. Қазақстандық мәдениетті әлемдік аренада та­ныту оның өз елімізде жақсы көз­қарас қалыптасуына ықпал етеміз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру — ХХІ ғасырда еліміздің бәсекеге қабілеттілігін артты­ратын кешенді әрі қызғы­лықты жұмыс»,-деді Франция Елшілігінің кеңесшісі Гийом Касперский.

Талғар-ақпарат