РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ

Өткен аптада Талғар медицина колледжінің конференц залында «Тұрғындар арасында мақсатты топтар үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаевтың былтырғы жылғы халыққа арнаған «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының негізгі басымдықтарын, сонымен қатар «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарлы мақаласын түсіндіруге бағытталған көшпелі лекторий ұйымдастырылған болатын. «Алматы облысы ішкі саясат басқармасы» ММ-нің əлеуметтік тапсырысы негізінде «Алакөл əйелдер қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен өткен атаулы жиынға қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, аудандық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, жастар көптеп жиналды. Жиын жұмысын аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гаухар Салимбаева кіріспе сөзбен ашып, əрі қарай да жүргізіп отырды.

Жиынның мақсатымен таныстырған Гаухар Əменқызы Тұңғыш Президентіміз Н.Ə.Назарбаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауында қамтылған жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, мемлекеттік қызмет сапасын көтеру, білім беру, денсаулық сақтау, туризм, саласы, индустриялдыинновациялық жобалар, тұрақтылық пен татулықты нығайту сынды негізгі бағыттарына тоқталып, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар жайында да қысқаша мəлімет берді. Осыдан соң «Рухани жаңғыру: ұлттық рух, тіл, ел бірлігі мен татулығы» тақырыбы бойынша баяндама жасау үшін алғашқы сөз кезегі қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, «Парасат» орденінің жəне «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Осман Асылы Əлиқызына берілді. Жиналғандармен емен-жарқын аман-саулықтан кейін, өз баяндауын бастаған қоғам зиялысы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына мəні терең «тарихи еңбек» деп баға берді. Рухани жаңғыру сананың кемелденуінен бастау алатынын айта келе, Асылы Əлиқызы ұлтты ұйыстырып, елдегі бірегейліктің мəнін ашатын да, кемелді келешекке бастайтын да мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін баса айтты. Сананы серпілтіп, не істесек те саналы түрде, елжандылық сезіммен амал етудің маңызы зор екенін жеткізді. Тамыры тереңнен тартқан тағлымды тарихымыз, салт-дəстүр, тіл мен діл, əдебиет пен мəдениет, өнер – бəрі де ұлттық рухымызды жаңғыртуға негіз болатын асыл құндылықтар екенін бағдарлы мақаланың əр бөлімін жіті талдай отырып түсіндірді. «Қарудың күші емес, білімнің десі басатын» ғылым мен техниканың қарыштай дамыған осынау заманда бəсекелестікке қабілеттіліктің бірден-бір өлшемі білімде екенін алға тартты. Еліміздің тұңғыш Президенті аталмыш тұғырнамасында білім, ғылымға ерекше басымдық бергені мəлім. «Терең білім – тəуелсіздігіміздің тірегі», — деген Н.Ə.Назарбаев «Мəңгілік Ел» болуға қадам басқан тəуелсіз Қазақстанның ендігі жаһандану алдында ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін ұлттық кодын сақтап, терең білімді, бəсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген пайымпарасаты, танымдық деңгейі биік тұлғаны қалыптастыру арқылы ғана ілгерлеуге, замана көшінің алдыңғы шебінен көрінуге жол ашатынын жеткізді. Өз баяндауында ол «бірлік бар жерде тірлік бар» деген ұлағатты берік ұстана отырып, Қазақстан халықтары Ассамблеясының ел бірлігін нығайту жолындағы атқарып отырған маңызды миссиясы жайында да, жүзден аса ұлт пен ұлыстың құтты мекеніне айналған қасиетті Қазақстан жеріндегі береке-бірлік пен кең пейілді, мол мейірлі қазақ халқының қадір-қасиеті жайында да орамды ойын тілге тиек етіп, осынау мəні кең, мазмұны терең жиынды ұйымдастырғандарға ризашылығын білдірді. «Орамды сөзой көркі» демекші, өзінің парасатты пікірлері мен өрелі ой-толғамдарын тебірене жеткізген Асылы Əлиқызының əр сөзін жиналғандар ыстық ықыласпен, зейін қоя тыңдады. Жиын соңында «Ауыл əйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, аудандық аналар кеңесінің төрайымы, Талғар ауданының «Құрметті азаматы» М.Сихимбаева, Тұздыбастау ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Р.Қабылжанова, Т.Рысқұлов ауылындағы №16 ОМ-і директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Сəрсенбаевалар өз ойларын ортаға салып, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Осман Асылы апайымызға алғыстарын жаудырды. Жиынды аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гаухар Салимбаева қорытындылап, жиналған көпшілік естелік суретке түсіп, тарқасты.

Райхан АЗИМОВА,

«Талғар».