Қар көбесі сөгіліп, жолдар бойында жылт-жылт етіп еріген қар сулары да қара жерге сіңіп, көктемнің күні жарқыраған сайын адамдардың да жанына жылулық ене түскендей болады. Үлкен-кішіге бірдей ерекше леп сыйлайтын Наурыз мерекесі қарсаңында қайырымдылық шаралары көптеп өткізіліп, қамкөңіл жандар да мерекелік көңіл-күйге бөленуде.
Сондай игі бастаманың бірі отбасылық үлгідегі «Нұр» балалар үйінің ауласында өткізілді. Ұлық мерекенің қарсаңында құттықтап, сый-сияпаттарын арқалай келген өнерпаз аға-әпкелеріне балалар да дән риза болып, жадырап қалды. Әсіресе, 20 жылдан астам бала тағдыры үшін барын беріп жүрген Тұяқ Қазкенқызы мен Әнуарбек Байсариннің қуанышында шек жоқ.
- «Бала – болашағымыз» дегенде тіліміз тақ-тақ етеді. Бірақ кейде сол сөзге ісіміз қайшы келіп жататын сәттер де орын алып, қынжылып қаламыз. Ұлы мерекеде ұмытпай келіп, ән-биден шашу шашып, үлкен-кішіге бірдей мереке сыйлап жатқан азаматтарға мың алғыс. Әттең балаларымыздың көпшілігі сабақта болып қалды. Мерекенің мән-маңызын соларға түсіндіріп, тәрбиелеуіміз керек,- дейді ағынан жарылған Тұяқ апа.
Балалар үйінің алаңына ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, кең дастархан жайылмаса да ақ тілек пен жыр-маржаннан шашу шашылды. Г.Қуандыққызының орындауындағы «Гәкку» әнімен шымылдығы ашылған концерттік бағдарламада халық әндерінен бастап бүгінгі композиторлардың да сырлы саздары төгілді. Б.Рахымбаев, Н.Манай, «Талғар» триосының өнеріне балалар сүйсіне қол соқты. Кешті жүргізген Ғайса Рамазанов ағамыз балалармен досындай сырласып, арасында әңгімеге де тарта жүрді. «Тамаша» әзіл-сықақ театрының тарланы Әділхан Қабылов жетекшілік ететін, ауданымызда іргесі қаланған «Халық театрының» әртістерінің сахналық қойылымы үлкен тұрмақ кішінің де көңілінен шықты. Жадырап күлген балалардың күлкісіне көмілген аулаға нағыз көктем орнағандай әсер қалдырды.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген тәмсілге сүйенген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаеваның жылы лебізі балаларды бір серпілтіп тастады. Бүкіл балаларға арналып алынған ойыншықтар бүлдіршіндердің жүздеріне қуаныш ұялатты. Жергілікті ақын Дәулетхан Карбоз ағамыз да ұлыс күнімен баршасын құттықтап, балалар үйіне авторлық кітаптарын сыйға тартты. Аудан өнерпаздарының қалтқысыз қамқорлығына риза болған балалар үйінің басшылығы ризашылықтарын білдіріп, Әнуарбек ағамыз ақ батасын арнады. Иә, жаны жомарт жандар көп болған қоғамда тағдырдың тар жолын басып өтіп, өмірдің салқыны жүректерін мұздатқан сәбилерге жылу сыйлайтыны хақ. Мұхаммед Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады»,– деген екен. Сауаптарымыз молынан бола бергей!
Меруерт Бөлек