Тәуелсіздік күні – еліміздің ең басты мерекесі. 1991 жылғы 16 желтоқсан еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылды. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің Ата Заңы қабылданды, ұлттық валюта – теңгеміз енгізілді. Біздің егемендігіміздің мықты тірегі – Қарулы күштері құрылып, көршілес елдермен шектесетін мемлекеттік шекарамыз рәсімделді.
Тәуелсіздігіміздің 27 жылдық мерейлі мерекесін бесқайнарлықтар да зор қуанышпен қарсы алды. Мереке қарсаңында Бесқайнар ауылының тұрғындарына таза ауызсу келді. Елбасымыз бір сөзінде: «Қазақстандағы сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі халықтың денсаулығын сақтаудың аса маңызды міндеті. Сондықтан бұл біздің басымдығымыз болмақ», – деген еді. Ел тұрғындарын тіршілік көзімен толық қамтуды мемлекеттің негізгі міндеті деп межелеген басшылар ауылға су ұңғымасын қазу үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 28 миллион теңге қаражат бөлген болатын. Тындырымды тірлік өз нәтижесін беріп, ауылда 300 метр тереңдіктен таза ауыз су шықты. Суды қосу үшін бюджет қоржынынан 4 миллион теңге қаражат бөлінді. Аудандық «Талғар су» мекемесінің мамандарының табандылығы мен ауыл әкімі Мейіржан Әділбековтің талапшылдығының арқасында межелеген тереңдіктен артезиан суы шығып, бүгінде ауыл тұрғындарының тұтынуына дайын тұр. Мерекелік шара алдында ауыл тұрғындары су ұңғымасының салтанатты ашу рәсімінің куәсі болды. Су – тіршілік көзі. Әсіресе, жер астынан шығып жатқан мөлдір таза артезиан суын тұтыну үлкен бақыт. Жүздері қуанышқа толы ауыл тұрғындары алдында ауыл әкімі Мейіржан Шорманұлы сөз алып, барша бесқайнарлықтарды сапалы ауызсумен қамтитын су ұңғымасын қазып, іске қосып берген «Талғар су» мекемесінің ұжымына алғысын айтып, ауылдастарын қуаныштарымен құттықтады. Ауыл ақсақалы Қалиахмет Мұсақұлов ақ батасын беріп, ауыл әкімімен бірге қызыл лентаны қиды. Барша қауым бұлақ басынан таза судың дәмін татып, мәре-сәре болды. Ауыл әйелдері қоғамының төрайымы Баян Құрманбаева, ауыл белсенділері Нина Баталыгина мен Наталья Солдатовалар да тұрғындарға ақжарма тілектерін арнап, халық қамын ойлап сапалы ауыз су қосып жатқан барлық деңгейдегі басшыларға ризашылықтарын жаудырды.
Бұл күнгі мерекелік шара ауылдағы №20 орта мектептің акт залында «Тәуелсіздік-тұғырым» атты кешпен жалғасын тапты. Айбынды Әнұранымыз шарықтай шырқалған соң, алғашқы құттықтау сөз кезегін алған ауыл әкімі Мейіржан Әділбеков жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарды ауыл әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттады. Содан кейін №20 орта мектептің директоры Гүлайым Нүсіпбаева да жиылған қауымды мерекемен құттықтады. Зал тола жиналған қонақтар алдына шыққан бір топ оқушы еліміздің өткен күндеріне көз жіберіп, тәуелсіздік тарихына тоқталып, еліміздің бүгінгі жетістіктерін мақтан етіп, кемеңгер көшбасшымыз Н.Назарбаевтың елінің ертеңі үшін жасаған жасампаз істері жайлы жазылған өлең жолдарын мәнерлеп оқып берді. Әрі қарай әсем кешті жас өрендер әсем ән, толқынды билерімен әрледі. Концерттік бағдарлама Нұрсұлтан Ерболат мен Мейірбек Мейіржанұлының орындауындағы «Туған жер» әнімен ашылды. Содан кейін Асылжан Серікбай «Елбасы ел бағы» әнін орыдаса, мен «Қызғалдақтар» тобы тамаша билерін тарту етті. Полина Потапенко күмбірлете «Кеңес күйін» ойнады. Мерекелік кеште Аружан Куанышбек «Мен қазақпын» әнін, Мират Амангелді «Қазағым-ай» әнін, Анаргуль Баситова мен Әсем Әмірали «Гүлдәурен» әнін, 3-сынып оқушылары «Казахстан наш общий дом» әнін, 4-сынып оқушылары «Самға қазақ» әнін шырқаса, 2-сынып қыздары «Орыс» биін, 6- сынып қыздары «Қазақ» биін билеп көпшілікке көтеріңкі көңіл сыйлады. Мерекелік кештің соңы «Рухани жаңғыру» әдеби монтажы мен «Мен қазақпын» әніне қойылған оқушылардың флешмобымен аяқталды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар».