«Tarihi jol» мобильді қосымшасы тарих қойнауына сапар шегуге мүмкіндік береді

«Tarihi jol» мобильді қосымшасы тарих қойнауына сапар шегуге мүмкіндік береді

«Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары аясында «Tarihi jol» мобильді қосымшасы іске қосылды. Оның мақсаты Алматы облысындағы туристік нысандарды халыққа жаңа заманауи форматта таныстыру, әрі осы арқылы облысқа туристердің қызығушылығын арттыру, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Бұл сервис ТМД елдеріндегі бірегей жетістіктердің бірі болып табылады және бүгінгі күні оның аналогы жоқ.  Мобильді қосымша қазақ, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерінде тарихи-мәдени орындар жайлы ақпарат береді. Сонымен қатар оны VR көзілдірігімен де тамашалауға болады.

«Қазіргі таңда тарихи-мәдени орындарды жергілікті тұрғындар ауызша әңгімелеп береді. Оның ауызекі таралуына байланысты көп өзгеріске ұшырайды, нәтижесінде нақты мәліметтер жоғалып, болжамдар пайда болады. Ал қосымша дұрыс ақпарат береді.  Ол тек отандастарға ғана емес, шет елден келген қонақтарға да ыңғайлы. Себебі берілген ақпаратты 5 тілде жеткізеді», — дейді «AV-software» компаниясының  өкілі Альмухаметов Айбек.

«Tarihi jol» мобильді қосымшасын «App Store» немесе «Play Market» дүкендері арқылы жүктеп, тегін түрде кез-келген жерде қолдануға болады. Әзірлеушілердің айтуынша Алматы облысының 1 нысаны қосымшаға еңгізілген. Алдағы уақытта 19  маңызы бар жерлер де кірмек.

Сондай-ақ,  «AV-software» компаниясының директорының орынбасары Канатбек Ерболат та жоспарларымен бөлісті.

—  Өткенді білмейтін халықтың болашағы жоқ, демекші өз тарихымызды толық білмегенше болашаққа толық қадам баса алмаймыз. Жалпы біз үшін басты жетістіктердің бірі пайдаланушылардың оң көзқарасы. Қосымшамызға тағыда Қазақстандағы барлық облыстың мәдени жерлерін қосу жоспарымызда бар, — деді ол.

Айта кету керек, қосымшаны Алматы облысының әкімдігі, ішкі саясат басқармасы, «AV-software» компаниясы және Сүлеймен Демирел атындағы университет түлектері бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Талғар-ақпарат