Алматы облысында кәсіпқой суретшілердің халықаралық пленэрі өтпек

Алматы облысында кәсіпқой суретшілердің халықаралық пленэрі өтпек

Ағымдағы жылдың 10-19 қыркүйек аралығында Кеген ауданы, Саты ауылында  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Туған жерім – тұғырым» атты суретшілердің халықаралық  пленэрі өтеді. Оған тек республика көлемінде ғана емес, Қырғызстан Республикасынан қылқалам шеберлері келіп қатыспақ. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының музейлер жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қалқабаева Гүлмира баяндады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Бейнелеу өнерінің хас шеберлері Жетісу өлкесінің әсем табиғатын қағаз бетіне бейнелейтін болады. Шараның басты мақсаты да осы өңірдің ішкі туризмін насихаттау.

«Байқауда 15 қатысушы бақ сынаспақ. Соның ішінде Алматы облысынан 6 суретші қатыспақ. Олардың әрқайсысы облыс атын қорғап жүрген дарынды суретшілер. Қылқалам шеберлеріне 10 күн берілетін болады, олар осы уақыт аралығында тамаша туындыны тапсыру қажет. Жоғары деңгейде орындалған жұмыстың авторларына ақшалай сыйлықтар мен алғыс хаттарымызды табыстайтын боламыз», — дейді Г.Қалқабаева.

Пленэрдің салтанатты жабылуы 19 қыркүйек күні Кеген мәдениет үйінде болады. Онда байқау қорытындысы шығарылып, үздік танылған туындылар халық назарына паш етілмек.

Айта кету керек, өткен жылы аталмыш шара Текелі қаласында өткен. Оған Қырғызстан, Қытай елінен өнерлі өрендер келіп қатысқан.

Талғар-ақпарат