Алматы облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Студенттерге арналған Enactus Eurasia Summer Camp 2018 лагері » тақырыбында баспасөз- мәслихаты өтті, деп хабарлайды ТалғарАқпарат коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
«Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы модернизациялау бағдарламасын іске асыру шеңберінде, «Enactus Kazakhstan» ұлттық кеңсесі Тұран университетімен бірге кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық, жобаларды басқару, бизнес-инновациялар саласында жастарды қарқынды оқытуды жүргізеді.
Іс – шараны Enactus Kazakhstan ұлттық кеңсесі Тұран университетімен бірлесіп ұйымдастырады. «Enactus Eurasia» жазғы лагері 2018 — бизнесті басқару мен инновацияларға заманауи тәсілдер үйрететін интерактивті платформа. Бәсекеге қабілеттіліктің, прагматизмнің және сананың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, 2018 жылдың 17-22 тамыз аралығында Enactus Kazakhstan Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікістан, Өзбекстан, Украина елдерінің студенттері қатысатын Enactus Eurasia Summer Camp 2018 жазғы лагерін ұйымдастырады. Лагерьге қатысушыларға бай тәжірибе мен табысты мансаптың іргетасын қалауға мүмкіндік туады. Осы жайында Enactus Kazakhstan президенті Ержанова Альбина Мейрбекқызы өз ойымен бөлісті:
« Лагерьдегі оқу нәтижелерінің қорытындысы бойынша білімгер жастар халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған бизнес-жобаларды әзірлейді. Сонымен қатар, жобаны іске асыру үшін қажетті қаражатты өз бетімен табуға, демеушілерді тартуға, жобаның келешегіне көз жеткізуге, және студенттік кезден бастап бизнес ашу сияқты жетістіктерге қол жеткізе алады», — деді.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша бағдарлама мәдени, іскерлік және мемлекеттік қайраткерлермен қарым-қатынас жасау, жобаларды іске қосуды қарқынды жеделдету, қазақстандық және халықаралық бизнестің тәлімгер-сарапшыларынан іскерлік кеңес алу, білімді жүйелеу, іскерлік байланыстар және табысты мансап үшін байланыстар, практикалық дағдылар мен құзыреттерді алудан тұрады.
Айта кетейік, жастар лагері Алматы облысы, Талғар ауданы, Бесқайнар ауылдық округінде орналасқан. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жұмысын жасап келеді.
Талғар-ақпарат