«ТАЛҒАР ТАУ»-ДЫҢ БАУРАЙЫНДА «АСТАНАНЫҢ АҚ ТҮНІН» ӘНГЕ ҚОСЫҢЫЗ

«ТАЛҒАР ТАУ»-ДЫҢ БАУРАЙЫНДА  «АСТАНАНЫҢ АҚ ТҮНІН» ӘНГЕ ҚОСЫҢЫЗ

Талғар өлкесінің табиғаты мен таңғажайыптары туралы том-том кітап жазылмаса да, жыры мен жазбасын арнамаған қаламгер кем де кем шығар. Өйткені бұл өлкеге бір рет бас сұғып, шежірелі мекеннің шындығына қаныққан шығармашыл жан еріксіз қолына қалам алып, көрген кереметтерін қағаз бетіне түсіруге асығады. Таулы өлкенің жұмбақ сұлулығы түсіртпесіне қоймайды.

Карбоз Дəулетхан Əбілмəжінұлын да қасиетті таудың құдіреті тербетсе керек, жаңа кітабын «Талғар тау» деген айдармен жарыққа шығарыпты. Алматы облысының Қырғызсай ауылында дүниеге келіп, қазақ тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болып ұзақ жылдар еңбек жасаған қаламгер
бүгінде Талғар өңірінің тұрғыны. Бұған дейін де түрлі тақырыпта қалам тербеп жүрген ақын ағамыз бұл жинағын отансүйгіштікке, адамгершілікке ұмтылған қалың оқырманға арнапты.

«Атамекенім, қонысым, Таулардың тауы, зорысың!

Жау қыспаққа алғанда, Ерлерге талай болыстың.

Атамекенім – киелім, Өзің деп соғар жүрегім.

Айтамын саған мың алғыс, Басымды саған иемін!», – деп тауға тəу етіп, киесіне бас ұрған екі шумақпен шымылдығын ашқан жаңа кітап бес бөлімге топтастырылған. Табиғат тамашасына шөліркеген оқырман қанып ішер шумақтар туған жерді сүюге шақырған екінші бөлімге ұласып кете барған. Лирикасыз, махаббатсыз қандай жинақ құлпырсын. Нəзік сезімді түртіп, қиялға қанат қақтыратын сүйіспеншілікке толы өлеңдерді үшінші бөлімнен таба аласыз. Дəулет ағамыз ақын ғана емес бірнеше өлеңіне əн жазған композитор да. Оған дəлел төртінші бөлімге жинақталған топтама əндері. Кітаптың қорытынды нүктесі ойлар мен толғаныстарға толы. Əр кездері жүрегінен шығып, көкірегінен құйылған афоризмдерін өзі ғана емес өзгелердің де оқып, білуін қалаған екен автор.

Сондай-ақ Астананың 20 жылдығына арналған «Астананың ақ түні» атты əндер жинағы ақын ағамыздың биылғы сүбелі еңбектерінің бірі. Алыстан арбамай, бас шаһарға барып, сұлулығына қанығып, шабытын шалқытып қайтқан жыр кеуде жаңа əндердің тууына себеп болып, ол жинақ болып қалың оқырманға бет түзепті. Тойға тартуы бас қаланы ғана емес, елін, жерін сүйген əр оқырман үшін баға жетпес байлық дер едік. Рухани байып, жаңа жырлардың бал шырынына қаныққысы келген оқырман үшін бұдан асқан тосынсый бола қоймас.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,

«Талғар».