Келісім барда рухани кемелдену бар

Келісім барда рухани кемелдену бар

Бүгінде ауданымызда  30-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті тірлік кешуде. «Тілі басқа  болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір» азаматтар   елдегі бірлікті нығайтып, ынтымағы жарасқан қазақ елінің берекесін арттыруға өз үлестерін қосуда. Бұлай деуімізге күні кеше ғана өз деңгейінде өткен аудандық қоғамдық келісім кеңесінің форумы себеп болды.

«АИБА» бокс кешенінде айрықша мәнде өткен шара шындығында да әр ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, бір-бірінің шаттығы мен жырын, қолөнері мен күйін тыңдап, әдебиеті мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік берді.

Халықпен бірлесіп жұмыс атқарып жатқан 58 қоғамдық келісім кеңесі бар десек, солардың әрқайсысы да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға серттескендей. Ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен  шараның шашауын шығармай өткізуге барын салып бақты. «АИБА»-ның кіреберісіне  ұлттық өнерлері жарқыраған көрмелерін қойып, ұлттық тағамдарын жайнатып, әр ауылдық округ кеңес бойынша атқарған жұмыстарының қорытындысының көрнекі құралдарын жайқалтып қойған.  Аудан әкімі Рыскелді Сатбаев бастаған алқалы топ әр округтің тұсына тоқтап, тағамдарынан ауыз тиіп, таныстырылымдарын тыңдап шықты. Алқалы топ демекші, аталмыш шараға алыстан ат терлетіп келген қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Парасат ордені»  мен  «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман  бастаған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Г.Иорданиди, К.Хан, Ш.Асиев, Г.Хайруллин мен аудандық мәслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы, «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Ермағанбетовалар болды.

Шараны ашып, мән-мағынасын түсіндіріп, қонақтармен таныстаған өңір басшысы алғашқы баяндамасын да өзі жасады. Елбасы Жарлығымен осыдан 23 жыл бұрын құрылған Ассамблеяның татулықты, бірлікті насихаттаудағы ерен еңбегіне тоқталып, оның жанынан ашылған қоғамдық келісім кеңесінің әлеуетін әспеттеп берді.  Бүгінде   қоғамдық келісім кеңесі  әлеуметтік топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, қарапайым халықты толғандыратын түрлі мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы билікпен әріптес болып отыр. Бұл  институтқа  халықтар достығын нығайтуда этно-мәдени   бірлестіктердің, қоғамдағы өзекжарды мәселелердің шешілуіне үлкен  үлесін қосатын   үкіметтік емес ұйымдардың  біріктірілгені  — татулықтың іргесінің мығым болуын көздегені. Ауданымызда бүгінгі күні 88 үкіметтік емес ұйым тіркелген екен. Мұны әрине, аудандық  азаматтық қоғам өкілдерінің  елімізде жүргізіліп жатқан саясатты тікелей қолдауға атсалысқаны деп түсінуге болады. Осы және өзге де ақпаратты жайып салған өңір басшысы  аудан тағдырына тікелей атсалысып жүрген белсенді азаматтардың аты-жөндерін атап, ризашылығын білдірді. Этно-мәдени орталықтардың жетекшілері  К.Муратиди,  К.Иванович, А.Исмаилов, К.Суслова, Ж.Третьяк, И.Тохтахунов, Р.Дугашев сынды кең жүректі азаматтармен бірлік пен татулықты ту еткен аудандық аналар кеңесін басқарып отырған Мария  Ордабайқызының да еңбегіне шығармашылық табыс тілеп өтті.

Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Георгий Иорданиди  болса қоғамдағы этнос­ара­лық келісімді сақтауға, ұлттық саясатты іске асыруға, саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге орасан зор үлес қосып отырған бірегей инс­титут Ассамблея екендігін жеткізіп, облыстық филиалдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Аудандық  Қоғамдық келісім кеңесінің  2018 жылдың  I жартыжылдығында өткен іс-шараларға тоқталып,  алдағы жоспарлары туралы баяндай кеткен аталмыш кеңес төрайымы Ж.Бұтабаева ұйымның ұстанған бағыты мен мақсатын да жете түсіндіре кетті. Өткізілген шаралардың кез-келгені ұлт татулығын ұйытып, бірлігіміздің бекем болуын насихаттауға бағытталғанын жеткізді.  Ауданымыздағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты, этносаралық келісімді одан  әрі нығайтуға атсалысып келе жатқан бірқатар азаматтар  Талғар ауданы әкімінің «Алғыс хатын» иеленді. Форумға қатысқан қала және ауылдық округтерде құрылған қоғамдық келісім кеңестерінің үздіктері анықталып, Бесағаш ауылдық округі   жоғары бағаға ие болды. Шара соңында облыстық форумға кандидаттар іріктеліп,  аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Осылайша  қазақ­тың қанына сіңген сол мейірім­нің жалғасы іспеттес қоғамдық келісім кеңесінің тұтастық пен тұрақ­ты­лықты сақтаудағы рөлі мен маңы­зы айқындалды.

М.Дүйсенғалиева

Талғар-ақпарат