ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Жуырда аудан əкімдігінің кіші мəжіліс залында аудандық мəслихаттың кезекті отыз екінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мəслихаттың депутаты Бағжан Құдабаев төрағалық етіп, оған аудан əкімі Рыскелді Сатбаев бастап аудан əкімінің орынбасарлары, қала, ауыл əкімдері, аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы мен бірқатар бөлім, мекеме басшылары қатысып отырды.

Күн тəртібіне аудан əкімінің есебі мен ауданымыздың үстіміздегі жылдағы жылу маусымына дайындығы, Тұздыбастау ауылдық округі əкімінің есебін тыңдау қойылды. Сессия жұмысының регламенті бекітілген соң, күн тəртібіне қойылған бірінші мəселе «Талғар ауданы əкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерінің орындалуы жөніндегі есебі туралы» аудан басшысы Рыскелді Сатбаев баяндама жасады. Үстіміздегі жылдың алты айлық қорытындысы бойынша баяндама жасаған ол аудан бюджетіне түсетін түсімдер мен шығындар көлемінен бастап, ауылшаруашылығы, өнеркəсіп өндірісі, шағын жəне орта бизнестің өркендеуі, халықты сапалы ауыз сумен қамту мен жарық, жол мəселелері, халықты жұмыспен қамту,

Елбасы бағдарламаларының ауданымызда орындалуын тілге тиек етті. Аудан басшысының тұщымды жасаған есепті баяндамасына халық қалаулылары оң бағасын берді. Келесі кезекте «Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының өткен жылу маусымын өткізу қорытындысы мен үстіміздегі жылдың жылу маусымына дайындық жоспарлары туралы» баяндама жасау үшін мінберге аудан əкімінің орынбасары Чингисхан Маманов көтерілді. Ауданымыздағы білім мен денсаулық сақтау жəне басқа да əлеуметтік саладағы нысандардың жылу беру маусымына дайындығы туралы айтып берген Чингисхан Маратұлы ауданымыздағы көппəтерлі тұрғын үйлерді көгілдір отынға қосу туралы да сөз қозғады. Осы мəселе тұрғысында аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұржан Оралханова сөз алып, білім ошақтарының қысқа дайындығы жайлы баяндап берді. Бұл мəселе аудандық мəслихаттың тұрақты комиссиясының бірлескен отырысында қаралғандықтан мəслихат депутаты Амангелді Сембаев өткен жылғы қыстағы табиғаттың тосын мінезінен туындаған қиындықтар жайлы сөз қозғап, мəслихат хатшысының өкімімен құрылған уақытша комиссияның қорытындысымен жəне шешім жобасымен көпшілікті таныстырды.


Одан кейін күн тəртібіндегі үшінші мəселе «Тұздыбастау ауылдық округінің əкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы жөніндегі есебіне» кезек берілді. Ауылдағы атқарылып жатқан істерін слайд арқылы көрсете баяндаған ауыл əкімі ауыл бюджетіне түсетін салық түсімдерінің мөлшерін, ауылшаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салалары бойынша атқарылып жатқан ауқымды істерін тілге тиек етті. Осы мəселе тұрғысында сөз алған аудандық мəслихат депутаты Мұхит Дүйсебаев халық санының күн санап өсіп келе жатқанын алға тартып, ауылға жаңа амбулатория салынса деген тілегін білдірді. Сонымен қатар жол бойына салынған заңсыз сауда жəне қызмет көрсету нысандарының көлік жүргізушілеріне кедергі жасап отырғанын айтып, мəслихат сессиясының келесі отырыстарында осындай заңсыздықтарға жол берген «Сəулет жəне қалақұрылысы» бөлімі мен ГАСК жауапты өкілінің есебін тыңдауды ұсынды. Жиын барысында депутаттар өзге өзекті мəселелер тұрғысында сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіріп отырды. Сессия соңында аудан əкімі Рыскелді Ахметқалиұлы сөз алып, мəслихатта көтерілген мəселелерді назарға алып, алдағы уақытта нəтижелі жұмыс жасайтынын айтты.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».