Талдықорғанда Жетісу географиялық қауымдастығының белсенділері марапатталды

Талдықорғанда Жетісу географиялық қауымдастығының белсенділері марапатталды

Журналистер үйінде Жетісу географиялық қауымдастығына қатысушыларды қабылдап, белсенділерін марапаттау рәсімі өтті. Оларға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.

Жиында Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Алпысбаев Рустам Әлиұлы, Жетісу географиялық қауымдастығының мүшелері және төрағасы Демегенов Ануар Қалибекұлы қатысты.

Шараның мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстың ішкі және сыртқы туризмін халық арасында насихаттауға үлес қосқан қауымдастықты ақпарат алаңында  кеңінен таныту.

Қауымдастыққа 10 адам мүшелік етеді. Бүгінде  «Жетісу географиялық қауымдастығы» «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы аясында журналистер мен блогерлерге 5 аймаққа блог-тур ұйымдастырды. Атап айтсақ, Тамшыбұлақ, Ақын Сара кесенесі, Сағабүйен  мен Қойлық қалашығы, Мамания мектебі, Ш.Уәлиханов музейі, Ақтау, Айғай құм мен Бесшатыр қорымына тарихи және мәдени  саяхат жасалған.

«Былтырғы жылы қауымдастық қатысушылары Алматы облысының барлық тарихи-мәдени жерлеріне барып қайтса, биыл Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарына барады. Сонымен қатар, келесі жылы да көршілес облыстарға тарихи саяхат жасамақ. Бұл біздің медиа саласында жүрген шығармашылық адамдарының тың тарихи құндылықтармен сусындауына таптырмас мүмкіндік», — дейді Р.Алпысбаев.

Айта кетейік, аталмыш қауымдастық жергілікті тарихты, этнографияны дамытуға, география тарихын зерттеуге, ұлттық табиғи және мәдени мұраны сақтап қалуға, табиғат пен оның ескерткіштерін қорғауға жәрдемдесуге бағытталған.

Талғар-ақпарат