Нәрестеге домбыра сыйға тартты

Нәрестеге домбыра сыйға тартты

Таяуда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев елмізде жаңа мереке – Ұлттық домбыра күні енгізілгенін жариялаған болатын. Ұлттық домбыра күні шілденің бірінші жексенбісінде аталып өтеді. Бұл мереке биыл 1 шілдеге сәйкес келді. Елімізде бұрың-соңды болмаған Ұлттық домбыра күні барлық өңірде барынша аталып өтті. Қазақ елінің көнекөз шежіресі саналатын домбыра ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Қазақ халқының жан серігі, рухани азығы болып келген киелі домбыраны биыл бүкіл ел болып қолға алып, мерекені тойладық. Рухани жаңғыртуға бағытталған айтулы мерекенің әр қазақ баласына берері мол болмақ.

Ауданымызда Ұлттық домбыра күніне орай игі шара жүзеге асты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мереке күні дүние есігін ашқан сәбиге ұлттық аспабымыз домбыра сыйға тартылды. Игі бастамаға аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық мәслихаттың депутаты Әбдіғани Бәзілхан, аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Мәрия Сихымбаева, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмағыз Бутабаевалар бастап ауданымыздағы үкіметтік емес ұйым өкілдері мен славян этномәдени орталығының жетекшілері қолдау көрсетті. Қасиетті домбырамен қатар басқа сый-сияпаттар табыс етілді. Дәл мереке күні Нұршат Болатжанқызы өмірге алып келген Айару есімді сәбиге ақжарма тілектерін арнады. «Тәрбие –тал бесіктен» демекші, өмірге келген сәттен қасиетті домбыраны сыйға алып, үлкендердің ақ батасын арқалаған баладан болашақта ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді ұлықтайтын ұлы азамат шығар деген ойдамыз. Бұл игі дәстүр жыл сайын өз жалғасын табатынын айтты аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы Берікгүл Сеитова.

Перизат НҰРҚАЕВА,

«Талғар».