Елбасының Жарлығымен шілденің бірінші жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілгенде елден бұрын қуанған ұлтжанды азаматтармен бірге біз де қуандық. Домбырасыз ән де, сән де жарасымын таппайтынын білетін қазақтың киелі өнері қайта жаңғырады деп қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпеді. Бұл мереке дәстүрге айналып, жыл сайын аталып өтілетіндігін ескерсек, ортайып қалған рухани қазанымызға қосылар үлес салмақты болмақ.
Қашан да өз айтары бар Талғар ауданы да айтулы шарадан тыс қалмай, «Киелі менің домбырам» атты шеру өткізді. Аудандық кітапхананың ауласына жиналған үлкен-кіші қоңыр үнді киелі аспаптың үніне құлақ түріп, ұлттық өнер ұлықталған кештің куәсі болды. Аспаптарын арқалай келген 100-ге жуық домбырашылар ән мен жырдан шашу шашып, дәстүрлі өнердің майын тамызды. Бұл күні күй тартқысы келген немесе домбырадан хабары бар әр талғарлық ортаға шығып, өз өнерін жиналған жұртшылыққа көрсете алды.
- Рухани жаңғыру бағытындағы ең сүбелі тірліктің бірі – домбыра күнін белгілеу болды деп ойлаймын. Осы күннің аясында көптен қолдау таппай жүрген тың бастамаларымыз қайта жаңғыруы, игі дүниелердің ізі жалғасуы мүмкін. Не де болса жақсылықтан үміттіміз, — дейді қазақтың қоңыр аспабымен көпшіліктің құлағының құрышын қандырған жезтаңдай әнші Натхан Манай.
«Рухани жаңғыру» аясындағы салмақты дүниенің біріне айналған бұл шарадан өскелең ұрпақ тәлім алса, өткенін сағынған үлкендер әдемі естеліктерге қанықты. Баба үні қайта жаңғырып, дала үні асқақтап аспанға шарықтады. Көк Тәңірден қуат алып, қайта оралды қазақ баласына. Жадымызды жаңғыртып, ұлттық кодымызға оралтқан бұл шара тек науқандық болмай, әсіреқызылдықтан ада екендігі көңіл қуантты.
М.ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат