Асық ойнаған азбайды, көкпар тартқан тозбайды

Асық ойнаған азбайды, көкпар тартқан тозбайды

«Асық ойнаған  — азар, доп ойнаған —  тозар» деген тәмсілді кім шығарғанын қайдам, әйтеуір кері пікірдің емеурінін танытып  тұрғандай көрінеді маған. Өйткені Кеңес үкіметі тұсында  асық ойынына көптеген тыйымдар салынып, ұлттық ойынның болашағына нұсқан келтірілген еді. Шүкір, тәуелсіздік алғаннан кейін салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырып, ұмытылған қасиеттерімізбен қауышып жатырмыз. Солардың ішінде асық ойынына  үлкен мән беріліп, балалар арасында түрлі сайыстар  мен «Асық partyлар» ұйымдастырылу үстінде. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтауда өзгеге үлгі болып  келе жатқан Нұра ауылдық округі де игі бастаманың жаршысы болып, жуырда асық ату мен көкпар тартудан балалар арасында жарыс өткізді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрініс тапқан ойынға ауыл бойынша қатысқан жастардың белсенділігі жоғары болды. Алдымен ауыл имамы әділхан Қасымханұлы игі тілегін жолдап, ақ батасын берді.  Ойынды ұйымдастырған ауылдық Мәдениет үйінің директоры Семейхан Дәріпханұлы бұл шара болашақ ұрпақтың ұлттық құндылықтарды ұмытпауына сеп болады дейді.

  • Өткіземіз деп хабарландыру бергеніміз сол еді үміткерлер көптеп келді. Ішінен 50 баланы іріктеп алып сайысқа салдық. Бұл ойын түрі баланың қажыр-қайратын шыңдап, жылдам шешім шығаратын қабілетін дамытады. Әрі күні бойы теледидарға телміріп, ұялы телефон шұқылағанша, ұлттық ойынмен бой сергітіп, ой жинақтаған жөн,- дейді ұйымдастырушы Семейхан бауырымыз.

Атадан балаға мирас болып қалар төл мұрамызды ұлықтауға келген балалар бірден ойын қызығына кіріп кетті.   Сызылған шеңберден тізілген  асықтарды қорғасын құйылмаған салмақсыз сақамен атып түсіріп, шеңбер сыртына шығаруға қай-қайсы да тырысып бақты. Нәтижесінде мергендігімен, дәлдігімен көзге түскен әкімхан Асылан бірінші орынды жеңіп алды. Ал Қуанышқан Ақжол мен Халық Әлішер қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Ал  алғаш рет ұйымдастырылған көкпар тартуға 20-дан астам шабандоз балалар қатысты. Қайсар рухты жастар көкпар десе делебесі қозатын ауыл қазағына тартысты ойын сыйлады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұйымдастырушылар тарапынан «Алғыс хаттар» мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар ойын барысында ептілігімен көзге түскен шабандоздар мен сәйгүліктерге арнайы номинациялар да берілді.

М.Дүйсенғалиева

Талғар-ақпарат