«Рухани жаңғыру» орталығының олқы тұсы жоқ

«Рухани жаңғыру» орталығының олқы тұсы жоқ

Елбасы тапсырмасын жүзеге асыру негізінде аудан әкімдігі жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығының жұмысы нәтижелі.  Жастардың бойында бәсекелестік қабілетті арттыру, жаңғыру жолында нақты мақсатқа жету, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, туған елге, жерге деген азаматтық ұлтжандылыққа тәрбиелеуді мақсат еткен орталық ауданның мәдени жетістіктері мен рухани құндылықтарын насихаттап келеді. Бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар мен іс-шаралардың қорытынды суреттері жарияланған арнайы стендтерден нәтижелі жұмыстың өрнегін көру қиын емес.  Сондай-ақ, аудан үнпарағында жарияланған мақалалардың легі де орталық жұмысын шырайландыра түскен. Ал, Талғар ауданында беттеліп, қатталатын республикалық «Рухани жаңғыру» журналының әр санынан  ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелейтін туған жердің тарихы мен мәдениетін, өнері мен әдебиетін насихаттайтын құнды мақалалармен таныса аласыз.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде әр жоба бойынша атқарылған жұмыстардың негізгі бағыты — «Туған жерге туыңды тік», «Цифрлы Қазақстан», «Рухани қазына», «Атамекен». Қалай десек те ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Әр бағыттың жұмыс жоспары бекітіліп, жүйелі түрде іске асырылуда. Бағдарлама жарияланғалы бері 200-ге тарта  іс-шара өткізілді. Оның ішінде,   3 спорттық шара, 15 мәдени шара, 9 кездесу, 16 акция, 7 дөңгелек үстел өтті, және бұл шаралар жалғасын таба береді, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Берікгүл Сейтова.

М.Дүйсенғалиева

Талғар-ақпарат