Ұстаздардың мәртебесін көтеруге бағытталған шараның бірі Талдықорған қаласында өткен «Үміт қанаттары» жас педагогтар форумын жатқызуға болады. Мұғалімнің беделін арттырып, шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған форумның басты ұйымдастырушысы облыстық білім басқармасы. Форум басқарма басшысы Дәурен Жүнісовтің құттықтау сөзімен ашылып, мамандардың кәсіби қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріліп жатқан жобалардың таныстырылымен жалғасын тапты. Өйткені форум аясында «Жаңартылған мектептегі жаңа иедялар» атты роботтардың көрмесі, түрлі тренингтер, шеберлік сабақтары, әдістемелік панорамалар көрініс тауып, белді мамандықтың тізгінін ұстаған жас педагогтар білім беру жүйесіндегі жаңа реформаларды талқылап, цифрлық сауаттылық, үштілділіктің тиімді тәсілдерін меңгерді.
Аталмыш шараға Талғар ауданының білім бөліміне қарасты мектептерден құралған команда да қатысып, үздік тәжірибелерімен бөлісіп, өзгелердің озық ойларынан нәр алып қайтты. Жас мамандарды бастап барған Талғар аудандық білім бөлімінің әдіскері Сымбат Сұлтанбай мұндай шараның маңызы зор екенін айтып берді.
- Жас мамандар үшін осындай үлгілі бастамалардың нәтижесінде — біздің болашаққа сеніміміз нық деп айтуға болады. Себебі, осындай жалынды жастар мен ұстаздарымыз білімнің тізгінін қолдарына ұстап тұр. Жас ұстаздар бір-бірлерімен тәжірибе алмасады, достық қарым-қатынас орнатады. Жаңартылған білім мазмұны бойынша өткізілетін ашық сабақтардың үлгісін көріп, бойларына сіңіреді. Шығармашылық идеялары шыңдалатын мұндай форумдарға қатысу маңызды деп білемін, — дейді білікті әдіскер.
Аудандық жас мамандар жетекшісі Айгерім Досбосынованың да пікірі осы тектес. Шындығында да облыстық білім басқармасы қолдаған үлгілі бастама арқылы педагогикалық үдерісті басқарудың қазіргі технологиялары мен педагогтардың күйзеліске төтеп беруі сияқты тың тақырыптарды талқылау арқылы жас мамандар жаңашылдыққа бой алады.
300-ден астам жас маман қатысқан форумды басқарма басшысы Дәурен Хабдолданұлы қорытындылап, ең үздік тәжірибелерімен бөліскен жас мамандарды ынталандыру сыйлықтарымен марапаттады. Форум аясында жас мұғалімдердің қарары қабылданды. Алдағы уақытта форумның жалғасы іспетті маамандарға шығармашылық идеяларын ортаға салып, кәсіби қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ауқымды жобалар қолға алмақ.
М.ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА,
«Талғар».