Жастар форумы — патриотизмның шынайы үлгісі
Талғардай табиғаты ғажайып өлкенің бар асылын бойына сіңірген жастардың бүгінгі сүрлеуі жаңаша. Талғар шыңындай асқақ рухты, Талғар суындай таза жүректі жастардың ұстанымдары да ерекше — туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша атсалысу. Бүгінгі «Ғұндар» этноауылында өткен жастар форумы осыны аңғартты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жерге туыңды тік!» атты аудандық деңгейде өткен шара «Мен Қазақстанды сүйемін» деп даурықпа мақтану бір бөлек те кіндік қаның тамған өлкеге деген сүйіспеншілікті арттыру бір басқа екенін сезіндіре білді.
Аудан әкімі Р.Сатбаев бастаған алқалы топ алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы көрмені тамашалап, колледж студенттерінің өнерлерін қызығушылықпен тамашалады. Әсіресе Талғар политехникалық колледжінің аспаздары ұсынған ұлттық тағамдар – өрметөс, жөргем, қуырдақ көрменің сәнін кіргізіпті. Медициналық колледж болса қолөнер туындыларымен қуантты. Өзінше дараланған ТАжМК мен экономикалық колледждер де барынша ұлттық салт-дәстүрмен үндесе кеткен.
Мемлекеттік Гимнмен ашылып, аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін белсенді жастар әкімнің «Алғыс хатымен» марапатталды. Алматы облысының жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Жандос Бауыржанұлы да облыс көлеміндегі атқарылып жатқан және атқарылуға тиісті жобаларды атап өтіп, әр ауданда өтіп жатқан форумның өзгелерден ерекшелігіне ризашылығын білдіріп, бір топ жасты Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Алғыс хаттарымен» марапаттады.
Артылған сенімді ақтап, үкілеген үмітті үзбеген қоғамның локомативі бола білетін белсенді жастардың қатары ауданымызда да жетіп артылады. Барлығы 49396 жастың ішінде 37 мыңнан астамын ауыл жастары құрайды. Аудан ішінде 11 жастар ісі жөніндегі комитет құрылып, олар мемлекеттік жастар саясатын қолдап, насихаттау барысында елеулі еңбек етіп келеді. Мемлекеттік бағдарламаларды орындаудан да олқылық танытпай, әр бағдарлама бойынша көшбастарлық жұмыстар атқарып келе жатқан талғарлық жастардың тынымсыз тірліктері көңіл сүйсінтеді. Бұдан өзге де жан қуантарлық нәтижелер мен көрсеткіштерді тізіп өткен аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетованың баяндамасынан соң конценттік бағдарламаға кезек берілді. Форумды қорытындылаған «Сарбаз» клубының ат үстіндегі өнері көрермендердің қошеметіне бөленді. Ат құлағында ойнаған қыз-жігіттер ұлттық ат спорт ойындарын көңіо қуанып, садақшы қыздардың мергендігіне көпшілік сүйсінді.
Осылайша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай өткізілген форум патриотизмнің шынайы үлгісіндей жастардың көкейінде көпке дейін айтылып жүретін шара ретінде айшықталды.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат