Мемлекеттік атаулы күндерді таяу қалғанда атап өту дəстүрге айналғаны рас. Ал бұл жолы олай болмады. Қалыптасқан қағиданы бұзған Талғар экономикалық колледжінің ұжымы 4 маусымда тойланатын рəміздер күніне арналған іс-шаралар легін бастап кетті. «Мемлекеттік рəміздер – ел мақтанышы» деген атаумен өрбіген шараға аудандық «Нұр Отан» партиясының кеңесшісі Сақыпжамал Үскібаева, аудандық жастар ресурстық орталығының кеңесшілері Олжас Батырханов пен Дінмұхамед Нұрланұлы, БАҚ өкілдері жəне студенттер мен ұстаздар қауымы қатысты. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рəміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сəйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рəміздер күні ретінде мерекеленіп келеді. Бұл күн ел тарихында жаңа мейрам болса да қазақстандықтар оны асқан патриоттық сезіммен атап өтеді. Мемлекеттік Елтаңба, мемлекеттік Ту жəне мемлекеттік Əнұран арқылы сол елдің саяси тəуелсіздігі мен егемендігі мойындалатынын көкірегіне құйып өскен жас ұрпақ елдің іргесін берік ұстауға сеп болмақ. Біз қатысқан шараның мақсаты да осы болды. Əнұранмен басталып, оқу орны директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекбай Асанұлының жылы пікірінен соң қонақтар да өз лебіздерін білдірді.
– Тəуелсіздіктің тұғырын нығайту үшін өз елінің тілін, дінін, салт-дəстүрін біліп қана қоймай құрметтеп, рəміздерінің авторы мен тарихын тақылдатып айтып беретін жас ұрпақ өссе, «Мəңгілік елдің» шаңырағынан күн сəулесі сөнбейді. Лайым солай болсын, – деген рухты тілегін айтқан С.Үскібаеваның сөзін жастар да қолдады.
Патриоттық əн-жырмен əрленген кеште олқы тұстар болса да ең бастысы жастардың жүректерінің жалынын сезіндік. Əсіресе, Маржан Қадіржан, Əсем Темірбаева, Айдын Жалмұхан, Нұрбол Қазыкенов, Д.Қажыкен сынды жастардың өнерлері көрерменді сүйсіндірді.
«Көк тудың желбірегені» əнімен аяқталған шара бойымыздағы патриоттық сезімімізді арттыра түсті десек қателеспейміз. Келер ұрпақ үшін тəрбиелік мəні зор шаралар легі алдағы уақытта да жалғаса бермек.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
Талғар-ақпарат