Астанадағы Назарбаев орталығында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған алғашқы кітаптардың таныстырылымы басталды. Салтанатты шараға ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты, деп жазады ТалғарАқпарат Qamshy.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Шара барысында Елбасы кітаптардың тиімді тұстарын атап, жобаның мақсатымен бөлісті.
«Негізі, кітаптардың барлығы менің үстелімде жатыр. Бір аптадан бері отырып, бәрін парақтап, біз оқыған кезде қолға тимеген дүниелер екеніне көзім жетті. Менеджмент болсын, басқару болсын, бәрін біліп-танып жатырмыз ғой. Бірақ мынау псиxология, тіл тариxы сияқты ғылым салаларымен терең танысқанымыз жоқ. Ағылшын тілінде оқыған жастарымыз оқыған шығар. Бірақ қазақтың баласы әлі таныспаған. Сондықтан біз бір жағынан қазақ тілін байытып, екінші жағынан білімді одан ары өсіреміз деп, осы жобаны қолға алып отырмыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шараға қатысқан «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Карин де «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының тиімді тұсын айтты
«Ашығын айту керек, мұндай бастама ешбір елде болмаған. Әлемге танымал шығармалар тікелей қазақ тіліне аударылып отыр. Бұл бір жағынан Қазақстанның мүмкіндігін көрсетсе, екінші жағынан Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан интеллектуалды әлеуетімізді көрсетеді. Себебі осынау жобаны іске асыру үшін кәсіби мамандар, жоғары дайындық қажет», — деді Е.Қарин.
Оның айтуынша, университет оқытушылары мен студенттері танымал оқулықтарды тегін оқи алады. Аталған шығармалар АҚШ пен Ұлыбританияның университеттерінде кітаптардың үздік ондығына кіреді.
«Мәселен, Карен Армстронгтың 1994 жылы жазылған «Құдайдың тариxы» атты кітабы әлемнің 30 тіліне аударылып, Кебридж, Гарвард, Оксфорд және тағы басқа жетекші жоғары оқу орындарында кеңінен қолданылып келеді. Ол — бір. Екіншіден, аталған оқулықтардың бағасы да арзан емес. Ұлыбританияда әрбір кітап 30 фунттан жоғары тұрады. Шетелде ондай оқулықтарды іздеп жүріп, сатып алады. Ал біздің студенттеріміз оның бәрін тегін оқи алады», — деп атап көрсетті Е.Қарин.
Айта кетейік, алғашқы оқулықтардың ішінде Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін»; Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясы» І-томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы. Орта ғасыр философиясы» ІІ-томы; Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы»; Дэвид Бринкерхоф, Роуз Уейтс, Сюзан Ортеганың «Әлеуметтану негіздері»; Джордж Ритцер, Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы»; Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе»; Дуэйн Шульц, Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы»; Дэвид Г. Майерс, Жан М. Туенждің «Әлеуметтік психология»; Н. Грегори Мэнкью, Марк П. Тейлордың «Экономикс»; Дональд Ф. Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика»; Рикки У. Гриффиннің «Менеджмент»; Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны»; Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамстың «Тіл біліміне кіріспе»; Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация»; Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен теориясы»; Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясы» бар.
Талғар-ақпарат