Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен Өңірлік коммуникациялар қызметі бірлесіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында фотосуретшілер арасында «Street photo» атты шеберлік сабағын ұйымдастырды. «Photo day Taldykorgan» жобасы осымен екінші мәрте ұйымдастырылып жатыр. Шеберлік сағатын Алматы қаласынан келген белгілі фотосуретші Манат Серікбайұлы өткізді, деп хабарлайды ТалғарАқпарат коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Шеберлік сағаттың мақсаты әр суреттің тарих беттерінде қалу жолында қызмет етіп жүрген фотосуретшілермен тәжірибе алмасып, өз білгенімен бөлісу.
Фотосуретші жиналғандарды өзінің жұмыстарымен үлкен экран арқылы «Көше суреттері жанры», стрит және локация слайдтарын көрсету арқылы таныстырды.
Қылаң еткенді қағып алып, көрермен және оқырманға жеткізетін қырағы көз кәсіби фотосуретшінің бұл салада жүргеніне 7 жылдан астам уақыт болған. Бүгінде «IDEAHUB» шығармашылық бірлестігінің мүшесі, «Көктем New Generation» көрмесінің қатысушысы.
Жалпы шеберлік сабағы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде теориялық сабақта камераны қалай қолданып, жұмыс істеу жолдары, шығармашылық ойларды қайдан алуға және қайдан іздеуге болатындығы және «Көше суреттері» жанры жайлы сөз қозғалса, екінші кезең Талдықорған қаласындағы «Сити плюс» ойын-сауық орталығы мен ескі ғимараттың бірінде практикалық сабақ жүргізілді.
Фотосуретші бүгінде ұялы телефонмен түсіру форматына көшкен. Себебі, ол өзіңмен алып жүруге ыңғайлы, әрі уақыт жағынан да ұтымдырақ екен. Практикалық сағатының жаңалығы да, үйретері де осы ұялы байланыстың көмегімен жүзеге асты.
«Көшені суретке түсірудің тағы бір маңызды аспектісі – суреттің алдын-ала келісусіз түсірілетіндігінде. Сондықтан, қоғамдық іс-шараларда түсірілген фотосуреттер кездейсоқтықпен ерекшеленіп тұрады»,- деді Манат Серікбайұлы.
Шеберлік сабағына Талдықорған қаласының фотосуретшілері мен суретке түсіруді жаңадан бастап келе жатқан жас буын өкілдері қатысты.
Шара соңында шеберлік сабағына келген қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, фотосуретшімен естелік суретке түсті.
Талғар-ақпарат