Көрісу күні – қуанышпен бөлісу күні

Көрісу күні – қуанышпен бөлісу күні

Әз-Наурыздың басы – Көрісу халықтық мереке ретінде өрісін кеңге жайып келе жатыр. Соның бір дәлелі ретінде Талғар қаласындағы мәдениет үйінде Көрісу мейрамы тойланды. Жыл басын бірге қарсы алу үшін бас қосқан талғарлықтар көрісіп, бата алып, арқа-жарқа күйде аман-саулық сұрасты. Талғар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева жиналған жұртшылықты дәстүрлі халықтық мейраммен құттықтап, жүрекжарды ақ тілегін арнады.

 

Көрісу күні талғарлықтар той қызығын дуылдатып, армансыз көңіл көтерді. Талғар қаласының «Әжелер шуағы» ансамблі, Нұра ауылдық округінен келген «Нұрай» әжелер ансамблі жақсы дәстүрдің жаршысы бола білді. Жиналған қауым  Наурыз көжеден дәм татып, бір-бірін алмастыра әуелетіп әнге салды,  домбырадан күмбірлетіп күй төкті, «Қаражорға» биін мың бұралып  биледі. Қысқасы, тойшы қауым бұл күні бойларына біткен барлық өнерлерін ортаға салды.

Көрісу мейрамын ұйымдастырушы аудандық мәдениет майталмандары той көрігін қыздырды. Тойдың қызуымен шабыттанған ақын Кәмнұр Тәлімұлы ақ батасын беріп, жырдан шашу шашты. Осылайша,  Көрісу күнін бір дастарқан басында бір қауым болып мерекелеп, бір жасап қалған талғарлықтар тойды ұйымдастыруға атсалысқан жерлестеріне, әсіресе, әрқашан осындай келелі істердің ұйытқысы болып жүретін Қазақтың қайсар қызы Фарида Бегенбаеваға алғыстарын жаудырып, мұндай басқосуларды дәстүрлі түрде жалғастырып тұруға уәделесіп тарасты.

 

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

Талғар-ақпарат