Ауданның өткен жылға арналған әлеуметтік– экономикалық дамуының тұрақты өсу қарқыны сақталып, негізгі 13 индикаторы толығымен орындалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл ауданының әкімі Далабаев Жандарбек баяндады, деп хабарлайды ТалғарАқпарат өңірлік коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
Аудандағы экономиканың негізгі бағыттарының бірі ауыл шаруашылығын дамыту. Былтыр ауданның осы сала бойынша 42 миллиард 715 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Аудан дәнді дақылдарды, бақша өнімдерін, ет, сүт, жүн өндіруде және мал басының саны бойынша облыста алдыңғы орында.
Өткен жылы «Агробизнес-2020» ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы аясында барлығы 1 миллиард 81 миллион теңге қаржы игерілгені белгілі болды. Сонымен қатар, егін шаруашылығына бөлінген субсидия көлемі 64,9 млн.теңгені құрады.
«Мал шаруашылығы бойынша бөлінген субсидия көлемі 911 миллион теңге, оның ішінде, мал шаруашылығын дамытып, өнімділігі мен сапасын арттыру бағдарламасы бойынша сиыр етіне 224,4 миллион, жылқы етіне 17,3 миллион, жұмыртқаға 53,8 миллион, сүтке 638 мың, жүнге 36,4 миллион теңге төленді», — деді Далабаев Жандарбек.
Бүгінгі күні ауданның ауыл шаруашылығы саласында 3 950 тауар өндірушілер еңбек етеді, оның 3 497-і шаруа қожалықтары. «Р-Күрті», «Мыңбай», «Ақтерек», «Табыс» және «Империя Фуд» секілді ірі шаруа қожалықтарының нәтижелі жұмыстарын ерекше атауға болады.
Талғар-ақпарат