ТАЛҒАРДАН ШЫҚҚАН ТАЛАНТ – ӘЛЕМДІК АРЕНАДАҒЫ АЛТЫН ЖЕҢІС!

Қазақстан құрамасы Сенегал астанасы Дакар қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасында медаль қоржынын толықтыруда. Ел қоржынына екінші алтын жүлдені 17 жастағы велошабандоз Анель Ташбай салды. Ол жекелей уақытқа жарысу сайысында қарсыластарынан озып, мәреге бірінші болып жетті. Ең жақын қарсыласынан 5 секундтан астам уақытқа озып шыққан жас спортшы осылайша Қазақстанның абыройын асқақтатты.

Талғардан түлеп ұшқан Анельдің бұл жеңісі кездейсоқ жетістік емес. Оның артында бірнеше жылдық еңбек, табандылық пен үздіксіз жаттығу жатыр. Бүгінде ол Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, қазақстандық велоспорттың болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылардың біріне айналды.

Велоспортты таңдаған талғарлық қыз

Анель Ташбай 2009 жылы Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген. Бала күнінен спортқа жақын өскен ол әуелде волейбол, дзюдо және би үйірмелеріне қатысқан. Ал велоспортқа келуіне көрші қызының ықпалы болған. Бір күні ол Анельді велосипед жаттығуына шақырып, болашақ чемпионның спорттағы жолына себепші болады.

Ол кезде Анель шамамен 12 жаста еді. Алғашқы бақылау жарыстарында жақсы нәтиже көрсеткен соң, оқу-жаттығу жиындарына шақырту алады. Осылайша оның кәсіби спортқа алғашқы қадамы басталды.

Спортшы «Огни Алатау» газетіне берген сұхбатында Қ. Ахметов атындағы Республикалық спорт мектеп-интернатында білім алатынын, оқу мен тығыз жаттығу кестесін қатар алып жүруге тырысатынын айтқан. Оның спорттағы қалыптасуына Владимир Бушанский, Сергей Цуканов және Станислав Третьяков сынды бапкерлердің еңбегі зор.

 

Анель 2023 жылы-ақ республикалық деңгейде көзге түсті. Велоспортпен айналысқанына небәрі екі жылдай уақыт болғанына қарамастан, маунтинбайктан 13–14 жастағы қыздар арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.

Анельдің халықаралық аренадағы үлкен жетістігі 2025 жылы басталды. Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында жекелей уақытқа жарысу сайысында топ жарды.

Қазақстандық спортшы қашықтықты 17 минут 6,05 секундта жүріп өтті. Нәтижесінде Қытай мен Гонконг спортшыларын артта қалдырып, Қазақстан құрамасына бесінші алтын медальді сыйлады. Сонымен қатар ол командалық жарыста да жеңімпаз атанды. Осылайша жасөспірімдер Азия ойындарынан екі алтын медальмен оралды.

2026 жылы да Анельдің жеңісті жолы жалғасын тапты. Сауд Арабиясының Әл-Қасым аймағында өткен тасжол велоспортынан Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында жекелей және топтық жарыстарда чемпион атанды. Бұған қоса, Қазақстан құрамасы сапында аралас эстафетада да алтын жүлдеге қол жеткізді.

 

Наурыз айында Филиппинде ұйымдастырылған велотректен Азия чемпионатында да ол жүлде қоржынын толықтырды. Аружан Қабдуловамен бірге мэдисон сайысында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының сапында командалық із қуу жарысында да Азия чемпионы атанды.

Дакардағы алтын жеңіс

Сенегалда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасына Анель Ташбай Қазақстанның тасжол велоспорты құрамасы сапында қатысты. Жалпы ел намысын дүбірлі додада спорттың 11 түрінен 18 спортшы қорғауда.

Анель үшін алғашқы сынақ топтық жарыс болды. 8 қарашада өткен сайыста қазақстандық велошабандоз 1 сағат 31 минут 19 секунд нәтижесімен жетінші орынға тұрақтады. Бір қызығы, алғашқы 20 спортшының барлығы бірдей уақыт көрсеткендіктен, олардың орындары мәреге жету ретімен анықталды.

Алайда жас спортшының басты жеңісі алда еді.

10 қарашада Анель жекелей уақытқа жарысу сайысында бақ сынады. Бұл жарыста спортшылар белгіленген аралықпен жеке-жеке жолға шығып, жеңімпаз ең үздік уақыт көрсеткіші бойынша анықталады. Мұнда жылдамдықпен қатар төзімділік пен күшті дұрыс үйлестірудің маңызы зор.

Анель қашықтықты 11 минут 32,57 секундта бағындырып, Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды. Екінші орынға 11 минут 37,62 секунд нәтижесімен словакиялық Каролина Гайдукова ие болса, үшінші орынды 11 минут 43,65 секунд көрсеткішімен ресейлік Ангелина Новолодская иеленді. Осылайша Анель ең жақын қарсыласынан 5,05 секундқа озып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Қазақстан қоржынына түскен екінші алтын

Анель Ташбайдың жеңісі Қазақстан құрамасына Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасының екінші алтын медалін әкелді. Бұған дейін ел қоржынына алғашқы алтынды дзюдошы Фатима Супығалиева салған болатын. Ал триатлоншы Рамазан Айгенов қола жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан құрамасының еншісінде екі алтын және бір қола медаль бар.

Сенегал төріндегі жеңіс – Анель Ташбайдың халықаралық аренадағы кезекті үлкен жетістігі. Соңғы екі жылда жас спортшы жасөспірімдер Азия ойындарында, Азия чемпионаттарында топ жарып, енді Олимпиада чемпионы атанды.

Талғар топырағынан түлеп ұшқан жас велошабандоздың бұл жеңісі туған жері үшін де үлкен мақтаныш. Оның табандылығы мен еңбекқорлығы жас ұрпаққа үлгі. Алда әлі талай жарыс, талай белес күтіп тұр. Бүгінгі алтын медаль – Анельдің үлкен спорттағы жарқын болашағына бастар маңызды қадам.

Г.Тұрсынқожа