
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай 3 қыркүйек күні «Премиум» ЖШС қызметкерлері арасында қазақ халқының ұлы ағартушысы, ғалым, ақын, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына арналған «Ұлт ұстазы» атты интеллектуалдық-танымдық ойын ұйымдастырылды.
Тіл мерекесіне орайластырылған тағылымды шараның негізгі мақсаты – Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық, ғылыми мұрасын кеңінен таныту, қазақ тілінің дамуына қосқан тарихи үлесін насихаттау, сондай-ақ қазақ тілін үйреніп жүрген тыңдаушылардың сөздік қорын молайтып, еркін сөйлеуіне, өз ойын жүйелі әрі дәлелді жеткізуіне мүмкіндік жасау.
Интеллектуалдық сайысқа В2 деңгейіндегі қазақ тілі тыңдаушылары қатысты. Қатысушылар төрт командаға бөлініп, «Тіл тұмарлары», «Тіл жанашырлары», «Тіл майталмандары» және «Тіл әлемі» атауларымен білімдерін ортаға салды. Әр команда өз капитанын сайлап, бірнеше кезеңнен тұратын тартысты сайысқа кірісті.
Шараның ашылуында жүргізуші, орталық оқытушысы Марал Фазыл қатысушыларға Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орны туралы айтып, ұлт ұстазының мұрасы бүгінгі ұрпақ үшін де аса маңызды екенін атап өтті.
Интеллектуалдық ойынның алғашқы «Білгенге – маржан» кезеңінде қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен қызметіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның туған жылы мен жері, ұстаздық және ғылыми қызметі, «Әліппе», «Қырық мысал» еңбектері, «Қазақ» газетіндегі қызметі туралы білімдері сараланды.
Келесі «Тіл тағылымы» кезеңі қазақ тіл біліміне қатысты ұғымдарды бекітуге арналды. Тыңдаушылар «дыбыс», «буын», «сөз», «сөйлем» секілді тілдік бірліктерді анықтамаларымен сәйкестендіріп, сөз таптарын ажыратты. Сонымен қатар сөз құрамына талдау жасап, түбір мен қосымшаларды анықтау арқылы қазақ тілінің грамматикалық құрылымын қаншалықты меңгергендерін көрсетті.
Сайыстың «Сөз тапқанға – қолқа жоқ» кезеңінде қатысушылардың тілдік қоры мен сөйлеу дағдылары сыналды. Командалар берілген сөздердің синонимдері мен антонимдерін тауып, сөйлемдерді жалғастырды. Әсіресе «Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқы үшін маңызды тұлға, себебі…», «Ана тілін құрметтеу дегеніміз –…», «Тіл – ұлттың негізі, өйткені…» деген сөйлемдерді жалғастыру барысында тыңдаушылар өз ойларын қазақ тілінде еркін жеткізуге тырысты.
«Ойлан, тап!» кезеңінде мақал-мәтелдерді жалғастыру, Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөздерінің мәнін түсіндіру және оның ой-тұжырымдарын қазіргі заманмен байланыстыру тапсырмалары берілді. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген ұлағатты сөздің мәнін ашу барысында қатысушылар тілдің ұлт өміріндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген ойға қатысты өз пікірлерін білдіріп, білім мен тәрбиенің қоғам дамуындағы рөліне тоқталды.
Интеллектуалдық ойынның «Зияткер» атты финалдық кезеңі де қызықты өтті. Қатысушыларға Ахмет Байтұрсынұлының не себепті «Ұлт ұстазы» атанғаны, «Әліппенің» маңызы, қазақ тіліндегі ғылыми терминдердің қалыптасуы, әдеби тілдің дамуы және тілдің халықтың рухани болмысын сақтаудағы орны туралы күрделі сұрақтар қойылды.
Сайыс барысында «Кім жылдам?» бонус кезеңі де ұйымдастырылып, қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлына қатысты сөздерді жылдам ажыратып отырды. Сонымен қатар «Жасырын сөз» тапсырмасында берілген әріптерден «Ана тілі» сөз тіркесін құрап, оған байланысты сөйлемдер жасады.

Шараның мазмұнын байыта түскен «1 минуттық пікір» бөлімінде әр команда мүшелері «Ана тілім – асыл қазынам», «Ахмет Байтұрсынұлы және қазіргі қазақ тілі», «Тілді сақтау – ұлтты сақтау» тақырыптарының бірін таңдап, бір минут көлемінде өз ойын қазақ тілінде жеткізді. Бұл тапсырма тыңдаушылардың сөздік қорын, сөйлеу мәнерін, грамматикалық сауаттылығын және өз пікірін дәлелдей білу қабілетін бағалауға мүмкіндік берді.
Шара барысында қатысушылар тек Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін толықтырып қана қоймай, қазақ тілінде сөйлеу, пікір білдіру, топпен жұмыс істеу және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін де шыңдады. Интеллектуалдық ойын білім мен бәсекені ұштастыра отырып, тыңдаушылардың ана тіліне деген қызығушылығын арттырды.
Сайыс қорытындысында белсенділік танытқан командалар арнайы номинациялармен марапатталды. «Тіл тұмарлары» тобы «Үздік топ» аталымына ие болса, «Тіл майталмандары» тобы «Ұшқырлар тобы» номинациясымен ерекшеленді. Ал «Тіл әлемі» тобы «Белсенді топ» номинациясымен марапатталды.
Шара соңында жүргізуші Марал Фазыл тілдің халықтың рухани қазынасы, ұлт жадын сақтайтын алтын көпір екенін атап өтті.
Ахмет Байтұрсынұлының тіл білімі мен ағарту саласындағы мол мұрасы – қазақ халқының рухани тарихындағы баға жетпес құндылық. Ұлт ұстазының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тағылымды сөзі бүгінгі ұрпаққа да үлкен ой салады. Ана тілін ардақтау, оның мәртебесін көтеру, қазақ тілінде еркін сөйлеу – әр азаматтың ортақ міндеті.
«Ұлт ұстазы» интеллектуалдық ойыны қатысушыларға білім мен білігін сынауға ғана емес, Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі жолын танып, ана тілінің қадірін терең түсінуге мүмкіндік берген тағылымды шара болды.
Г. Тұрлыбекова

