МАМАНДЫҒЫМ — МАҚТАНЫШЫМ

Мен, Төлепбергенов Рахымберді Құрманғалиұлы 1960 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келдім. 1977 жылы мектепті бітірген соң Алматы Гидромелеорация техникумына оқуға түстім. 1980 жылы техник-гидротехник мамандығы бойынша диплом алдым. Содан соң әскерде азаматтық борышымды өтеп 1982 жылы елге оралдым. Сол кезде Үлкен Алматы каналы салынып жатыр екен. «ЕсікСуҚұрылысы» 130 магистралды каналға мастер болып кірдім. Сөйтіп алып араны салуға атсалыстым. 1984 жылы Үлкен Алматы каналын пайдалану басқармасы және Бартоғай суқоймасына су реттеуші мамандығы бойынша жұмысқа тұрдым. 1985 жылы Жамбыл Гидромелеорация институтына жолдама беріп, 1991 жылы сырттай бөлімін бітіріп шықтым. Содан бастап 2023 жылы зейнет демалысына шыққанша бір жерде табан аудармай қызмет еттім. Техник-гидротехник, инженер-гидротехник, бөлім басшысы қызметтерін атқардым. Дінмұхамет Ахметұлындай мықты көшбасшының жетекшілігімен жүзеге асқан үлкен жобада жұмыс істегенімді мақтан тұтам.
Біз өткен кезеңдерде еңбекақымыз аз болса да, осы қызметті жанымыздай жақсы көргендіктен, ата-анамыздың тәрбиесінің арқасында қиыншылықтарға мойымай еңбек еттік. Осы мекемеде зейнетке шықсақ та қызметімізді жалғастырып келеміз. Жастарға ақылымызды айтып, тәжірибемізді үйретіп жүрміз. Қазір су саласы жақсы жағына өзгерді. Министрлік тарапынан қыстық, жаздық арнайы киімдер, жаңа техникалар беріліп жатыр. Мамандардың жалақылары бір жыл ішінде екі рет өсті. Осының бәрі жұмыс сапасын арттырып, еңбек адамының жағдайын жақсартуға жасалып жатқан қамқорлық деп білемін.
Мемлекет осы өткен жолдарымды, бір мекемеде еткен еңбегімді бағалап, 2023 жылы қазан айында мелекеттік награда «Құрмет» орденімен марапаттады.
Отбасымызда бір ұл, үш қызымыздан 15 немереміз бар. Болашақта немере-шөберелерімнің арасынан менің кәсібімді жалғастырушылар шығады деген үміттемін.
Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріме мықты денсаулық, ел аман, жұрт тыныш, кәсібімізге береке берсін деп тілеймін!

Рахымберді Төлепбергенов,
«Д.Қонаев атындағы ҮАК» филиалы
Таусүгір өндірістік учаскесінің басшысы