СУШЫЛЫҚ – АТА КӘСІП

Құтбанова Қайратхан Алдаарасанқызы – өмірінің жартысынан көбін су шаруашылығына арнаған жан. Ол алдымен асыл жар, аяулы ана. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, «ҚАЗСУШАР» РМК, «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалында инженер-гидрометр боп қызмет атқарады. «Су шаруашылығы қызметкерлерінің күні» қарсаңында «Құрмет» орденінің иегері, білікті маманды әңгімге тартқан едік.

  • Қайратхан Алдаарасанқызы, алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айта кетсеңіз…

Мен 1964 жылы Алматы облысы, бұрынғы Шелек ауданы Асысаға ауылына тудым. Сол жерде 1971 жылы мектеп табалдырығын аттадым. Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін бір жыл комсомол бригадасымен қой бақтық. Келесі жылы Алматы Гидромелеорация техникумына түсіп, соны 1985 жылы бітіріп шықтым. Сол жылы Шелекте суландыру жүйесіне су қадағалаушы болып жұмысқа тұрып, 22 жасымнан бері су саласында еңбек етіп келемін. Толық еңбек өтілім 41 жыл.

  • Осы таңдауыңызға көңіліңіз тола ма?
  • Жалпы мен сушылар әулетінен шыққанмын. Бұл кәсіпке бейімділігім нағашыларымнан берілген. Бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Нағашы атам Байжігітов Ниетжан да, нағашы апам Байжігітова Қайша да су саласында жұмыс істеген. Нағашы ағам Шәріпбай да сушы. Бала күнімде кейде үлкендерге еріп, су өлшеуге баратынмын. Содан қызығушылығым арта бастады. 1982 жылы Алматыдағы Гидромелеорация техникумына оқу түстім. Сабағымыз қиын болды. Түнімен отырып сызу сызамыз, есеп шығарамыз. Басында 4 топ болғанбыз. Қиындыққа шыдамай, біразы оқудан шығып, қалған 2 топтан 26 адам бітірдік. 1985 жылы оқуды тәмамдадым. Су шаруашылығына келгеннен бір орында тапжылмай жұмыс істедім.
  • Кез келген жұмыстың оңайы жоқ. Сіздің қызметіңіздің қиын тұстары қайсы?
  • Иә, әйел адамға жұмыс пен отбасын қатар алып жүру оңай емес. Біздің міндетіміз суару маусымында шаруа қожалықтарына су жіберу, су деңгейін қадағалап, соның есебін жүргізу. Бұнда темірдей тәртіп пен мінездің қатты болуы да керек. Менің атымды бекер Қайратхан деп қоймаған сияқты. Намысшылдығым мен ермінезділігімнің арқасында осы уақытқа дейін бір жерде тұрақты еңбек етіп келемін.
  • Жұмыс барысында есіңізде қалған қызық оқиға туралы айтып беріңізші…
  • 1996 жылы ұжымға Бауыржан Серікбайұлы жаңадан директор болып келген. Өте қатал, талапшыл басшы еді. Талды қаналында су жетпей қалды. Мен ол кезде гидрометр инженер едім. Бүбін деген гидрометр мен марқұм әріптесіміз Бақыт Молдасанов үшеумізге жүргізуші беріп арнайы автобуспен түстен кейін сағат екіде жолға шықтық. Бастығымыз «Кешкі сағат алтыға дейін жоғалған суды тауып, менің алдыма сол бойынша есепті қойыңдар!» деді. Қайта құру кезеңі еді. Гидропосттардың бәрі бұзылған, шөп басып кеткен. 30 шақырым аумақта жоғалған суды шөптің арасынан іздеп жүрміз. Өзіміз қойып кеткен суөлшегіштерімізді таппаймыз. Арнайы су өлшейтін бекеттер бар. Оған гидротехниктер кіреді. Біз ара-арасында тексеріп отырамыз. Сол нысандар қараусыз қалыпты, қалың шөптің арасынан арықты іздейміз. Суөлшегішті іздеп жүргенде кешкі сағат алтыдан асып кетті. Бақыт өте шыншыл, жауапкершілігі мол азамат еді, суды қараңғы түскенше табамыз деп кейін шегінер емес. Тоғызда қараңғы батты, біз де суды таптық. Ертеңінде Бауыржан Серікбайұлы жиналыста маған сөгіс жариялады, Бақытты жұмыстан шығарды. Сонда да хаттаманы өткіздік. Су табылды. Бастығымыз есебімізді көріп, менен сөгісті алып, Бақытты қайтадан жұмысқа шақырды.
  • Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз…
  • Менің бір ұл, екі қызым бар. Ұлым Рысбақов Ерлан 1987 жылы 26 шілдеде туған. Ол алдымен Ауылшаруашылқ колледжін бітірді. Кейін эколог мамандығы бойынша жоғары білім алды. 2014 жылы Таусүгір бөлімшесіне инженер-гидрометр болып кірген. Одан Алматы облыстық су шаруашылығына ауысты. Кейін 2019 жылы Қорам бөлімшесі жаңадан ашылғанда инженер-гидротехник болып істеді. Ұл да, қыз да қоғамның көшінен қалмай, бәріне үлгеруі керек.
  • Мамандығыңыз бойынша қандай жетістікке жеттіңіз?
  • Жылма-жыл еңбегімізге қарай мақтау грамоталарын, алғыс хаттар алдым. 2021 жылы «Су шаруашылығының үздігі», 2023 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» медальдарымен марапатталдым. 2025 жылы «Су шаруашылығының ардагері атағын иелендім. Биыл 8 наурызда үздіксіз еткен еңбегіміз бен төккен теріміздің арқасында мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталдым. Осындай атаққа ұсынып жатқан министрлікке, басшылыққа рахмет!
  • Іздеріңізді басып келе жатқан жас мамандарға айтарыңыз бар ма?
  • Су ресурстары және ирригация министрлігі бөлек шыққалы сала мамандарына көңіл бөлініп, көп қамқорлық жасалып жатыр. Марапат берудің өзі еңбек адамына үлкен мотивация. Су саласына жақсы жағдай жасалуда. Жұмысқа жаңа техникалар бөлінуде. Соңғы уақытты қыстық, жаздық киім берілуде, былтырдан бері жалақылары көтеріліп жатыр. Жас мамандар бұл салаға қорықпай, сеніммен келе беруіне әбден болады.

 

Сұқбаттасқан Елгүл НҰҒМАН,

«Д.Қонаев атындағы ҮАК» филиалының

Баспасөз хатшысы