
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстардың саны артып келеді. Кибералаяқтар азаматтардың жеке деректерін иемдену, банк шоттарынан қаражат ұрлау және жалған ақпарат тарату арқылы заңсыз әрекеттерге барады.
Алаяқтар көбінесе өзін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе белгілі бір ұйымның өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды алдап соғуға тырысады. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы күмәнді сілтемелер жіберіп, жеке мәліметтерді қолға түсіру жағдайлары жиі кездеседі.
Осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін азаматтар жеке және қаржылық деректерін бөгде адамдарға бермеуі, күмәнді хабарламаларға сенбеуі және ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеруі қажет. Мамандар банк картасының нөмірін, құпия кодтарын және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге хабарламауға кеңес береді.
Кибералаяқтыққа қарсы күрес – құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Қырағылық танытып, қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтардың құрбаны болудан қорғай аласыз.
«Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі, ал ақпараттық сауаттылық – алаяқтыққа қарсы ең тиімді қару».

