Балалар – еліміздің жарқын болашағы

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Талғар қаласындағы Жастар саябағында мерекелік концерттік іс-шара ұйымдастырылды. Балғын балалық шақты дәріптеуге, өскелең ұрпаққа қуаныш сыйлауға бағытталған бұл мереке қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан ерекше думанға айналды.
Балаларды қорғау күні – әлемнің көптеген елдерінде аталып өтетін маңызды мерекелердің бірі. Бұл күн қоғам назарын балалардың құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына аударуды мақсат етеді. Осыған орай ұйымдастырылған мерекелік шара Талғар қаласында жоғары деңгейде өтіп, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік іс-шараға Талғар қаласының әкімі Әділхан Лесханұлы қатысып, жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтады. Өз сөзінде ол балалардың әрқашан мемлекеттің ерекше қамқорлығында екенін атап өтіп, жас ұрпақтың сапалы білім алып, бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.
Қала әкімі бүлдіршіндерге және олардың ата-аналарына ізгі тілегін білдіріп, әр баланың дені сау, білімді, тәрбиелі болып өсуіне тілектестік танытты. Сонымен қатар мерекеге арнайы келген балаларға сыйлықтар мен естелік тартулар табыстап, олардың қуанышына ортақтасты.
Жастар саябағында өткен мерекелік концерттік бағдарлама көпшіліктің көңілінен шықты. Сахна төрінде өнерлі балалар мен шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әсем әндер шырқалып, мың бұрала билеген бишілердің қойылымдары мерекенің сәнін келтірді. Балалар шығармашылығының жарқын үлгілері көпшілік тарапынан зор қошеметке ие болды. Іс-шара барысында түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, балалар қызықты байқаулар мен ойындарға белсенді қатысты. Кішкентай қонақтар үшін арнайы әзірленген көңілді бағдарламалар олардың мерекелік көңіл-күйін арттыра түсті. Түрлі кейіпкерлер бейнесіндегі аниматорлар балалармен бірге ойын ойнап, суретке түсіп, қызықты сәттер сыйлады.
Мерекеге келген ата-аналар да ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі бұл күннің басты жетістігі екенін атап өтті. Осындай игі шаралар өскелең ұрпақтың бойында мейірімділік, достық және бірлік құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Балалар – кез келген мемлекеттің ең басты байлығы, елдің ертеңі мен жарқын болашағы. Сондықтан олардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сапалы білім мен тәрбие беру қоғамның ортақ міндеті болып саналады. Мемлекет тарапынан балалардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.
Талғар қаласында өткен мерекелік шара осы қамқорлықтың нақты көрінісі болды. Балаларға арналған концерттік бағдарламалар, сыйлықтар мен қызықты ойындар бүлдіршіндердің жүрегінде ерекше әсер қалдырды. Бұл күн олардың жадында қуанышқа толы жарқын мереке ретінде сақталары сөзсіз. Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара жас ұрпаққа деген сүйіспеншілік пен қамқорлықтың жарқын үлгісіне айналды. Балалардың шат күлкісі мен қуанышты жүздері мерекенің басты көркі болып, Жастар саябағын ерекше жылылыққа бөледі.

Балаларға арналған мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, олардың бақытты балалық шағын қалыптастыруға өз үлесін қоса беретіні анық.
Гауһар Тұрсынқожа