КОАЛИЦИЯ МҮШЕЛЕРІ QAZAQGAZ AIMAQ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының өкілдері Талғар ауданындағы «QAZAQGAZ AIMAQ» Жетісу өндірістік филиалының еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасы жайында пікір алмасты.

Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Ата Заңның адам құқықтарын қорғауға, әлеуметтік саланы дамытуға және елдің саяси жүйесін жетілдіруге бағытталғанын атап өтті. Олар білім мен медицинаның тегін болатынын, еңбек құқықтарының конституциялық деңгейде қорғалатынын, цифрлық деректердің қауіпсіздігі қамтамасыз етілетінін жеткізді.

«Жаңа Конституция – еліміздің жаңа дәуірге қадам басқанының дәлелі. Мұнда әрбір азаматтың мүддесі ескерілген. Ендігі кезек – референдумда барымызды салып, осы құжатты қолдау», – деді коалиция мүшесі Жақсылықұлы Бақтияр.

Ұжым қызметкерлері көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, түсінікті әрі нақты жауаптар алды. Кездесу соңында олар референдумға белсене қатысып, ел тағдырына бейжай қарамайтындарын білдірді.