Мен өз таңдауымды жасадым!

Талғар жоғары медициналық колледжінің жоғары курс студенттері арасында «Мен өз таңдауымды жасадым» атты жарқын әрі мазмұнды флеш-моб ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, олардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсету және саналы таңдау жасаудың маңыздылығын насихаттау болды.

Флеш-моб барысында студенттер бірлік пен ынтымақтың символы ретінде ортақ ұрандар айтып, өз таңдауларының маңызын ерекше атап өтті. Болашақ медицина қызметкерлері ретінде олар қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезінетінін және елдің дамуына үлес қосуға дайын екендерін білдірді.

Сонымен қатар, шара аясында конституциялық референдумның мәні мен маңызы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Студенттерге референдум – елдің Ата Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешудің маңызды тетігі екені айтылды. Конституциялық референдум әр азаматқа өз пікірін білдіріп, мемлекет болашағына ықпал етуге мүмкіндік береді.

Іс-шара соңында қатысушылар белсенділік танытып, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерге саналы түрде қатысу – әрбір азаматтың парызы екенін атап өтті. Флеш-моб жастардың патриоттық рухын көтеріп, олардың қоғамдық-саяси өмірге қызығушылығын арттырған тағылымды шараға айналды.