Референдум – халық үнінің айқын көрінісі

Референдум – ел өміріндегі аса маңызды мәселелерді бүкілхалықтық дауыс беру арқылы шешудің демократиялық тәсілі. Бұл – азаматтардың мемлекет тағдырына тікелей қатысуына мүмкіндік беретін маңызды саяси құрал. Референдум арқылы халық өз пікірін ашық білдіріп, ел дамуының бағытын айқындауға үлес қосады. Әсіресе, конституциялық референдумның маңызы ерекше. Өйткені Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, елдің құқықтық негізін қалыптастыратын басты құжат. Оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан мұндай шешімдерді қабылдауда халықтың пікірі шешуші рөл атқарады.

Референдум – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған үлес. Белсенділік таныту арқылы азаматтар өз құқықтарын пайдаланып қана қоймай, мемлекеттің тұрақты әрі әділ дамуына ықпал етеді.

Қазіргі таңда қоғамда ашықтық пен әділдік қағидаттарын нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері өзекті болып отыр. Осы тұрғыда референдум халық пен билік арасындағы сенімді арттыратын, қоғамның ортақ шешім қабылдауына жол ашатын тиімді тетік болып саналады.