Әділетті қоғам жолындағы маңызды қадам

Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл өзгерістер еліміздің саяси жүйесін жаңғыртып, демократиялық қағидаттарды нығайтуға бағытталған. Соның бірі – Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі референдум өткізу бастамасы. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы маңызды әрі батыл шешім. Жаңа Конституцияның қабылдануы құқықтық жүйені жетілдіруге және қоғамдық қатынастарды тиімді реттеуге мүмкіндік береді. Себебі Конституция – тек заңдар жиынтығы ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы өзара сенім мен жауапкершіліктің басты құқықтық негізі. Ата Заңда адам құқықтары мен бостандықтарына басымдық берілуі құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайта түседі. Сонымен қатар жаңа өзгерістер сот жүйесінің тәуелсіздігін арттыруға, оның ашық әрі әділ жұмыс істеуіне жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік басқару органдарының халыққа есеп беруі күшейтіледі. Бұл азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастырады. Жаңа Конституция жобасында әлеуметтік әділеттілікке, тең мүмкіндіктерге және халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Мұндай нормалар қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер – еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам. Бұл реформалар Қазақстанды әділетті, құқықтық әрі дамыған мемлекет ретінде қалыптастыруға негіз болады.