Ұлт тарихындағы ұлы тұлға
12 қаңтар Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, дипломат, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толды. Атаулы күнге орай елімізде, жер-жерде түрлі шаралар өтуде. Д. А. Қонаевтың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Талғар ауданы халқы да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің мерейлі мерекесін өз деңгейінде атап өтуде. Жуырда Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округінде де ұлт қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым ету рәсімі өтті. Тағзым ету шарасына Гүлдала ауылдық округінің әкімі М.Азилкияшева мен №21 орта мектеп директоры А.Абаканова, ауыл тұрғындары, жастар қатысты.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – еліміздің дамуы мен қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлға. Оның ерен еңбегі мен мемлекетшіл болмысы Қазақстан тарихында айрықша орын алады. Дінмұхамед Қонаев – халқының жүрегінен орын алған, елінің болашағы үшін аянбай қызмет еткен біртуар Ұлы тұлға. Оның парасатты саясаты, қарапайымдылығы мен әділдігі бүгінгі ұрпақ үшін өнеге, ал есімі – қазақ халқының тарихи жадында мәңгі өшпес жарық жұлдыз болып қала береді. Ғалым ретінде Дінмұхамед Ахметұлы 100-ден астам ғылыми еңбек жазып, тау-кен ісі ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол жас ғалымдарды қолдап, білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ Қонаев қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына айрықша қолдау көрсетті. Оның бастамасымен Алматыда Үкімет үйі, Ғылым академиясы, Республика сарайы, Медеу спорт кешені, Ұлттық кітапхана, цирк, мәдениет пен спорт сарайлары салынды. Қалада жаңа ықшам аудандар ашылып, әлеуметтік инфрақұрылым қалыптасты. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қонаевтың қызметінен босатылуы қазақ жастарының наразылығына ұласып, ел тарихындағы Желтоқсан оқиғасына себеп болды. 1993 жылдың 22 тамызында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 82 жасында дүниеден өтті. Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында жерленген.
Бүгінде Дінмұхамед Қонаевтың есімі ел жадында мәңгі сақталған. Қазақстанның бірнеше қаласында көшелерге, оқу орындарына, мәдени нысандарға оның есімі берілген. Алматыда Қонаев мұражайы жұмыс істейді, Халықаралық Қонаев қоры құрылған.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа қатысты барлық ресми құжаттар Д. А. Қонаев музейінің қорында сақтаулы. Бұл құнды мұра ұлы тұлғаның саяси, ғылыми және қоғамдық қызметін тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді. Ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның еңбегі мен өнегесі әрдайым ел есінде.







