1986 жылдың желтоқсаны – қазақ тарихындағы ұлт рухын қайта оятқан, бостандыққа ұмтылған жас буынның батыл қадамы ретінде мәңгілікке жазылған кезең. Алматы қаласында басталған бейбіт студенттік шеру тек астана ішінде ғана емес, Қазақстанның көптеген аймақтарына, соның ішінде Талғар өңіріне де ықпал етті. Талғарлық жастар да өз заманының ауыр кезеңінде әділетсіздікке қарсы үн көтеріп, ұлт намысы үшін басын қатерге тіккен еді.
1980 жылдардың ортасына қарай Кеңес Одағының саяси жүйесі дағдарысқа ұшырап, ұлттық мәселелер ушыға түсті. Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынуы және оның орнына республикамен байланысы жоқ Г. Колбиннің тағайындалуы қазақ жастарының ашу-ызасын тудырды. Бұл оқиға қазақ халқының ұлттық намысына, мемлекеттік басқарудағы әділеттілікке деген сеніміне, тіл мен мәдениетке деген құрметіне тікелей соққы болды. Міне, осы тарихи әділетсіздік Қазақстанның әр өңіріндегі жастардың жүрегіне шоқ тастады. Олардың арасында Талғардың да жастары болды.
Талғар ауданы сол кезеңде мәдени әрі білімді жастары көп аймақтардың бірі еді. Алматыға жақын орналасқандықтан, 17–18 желтоқсандағы оқиғалар Талғарға тез жетті. Аудан жастары да Алматыдағы шеруге қолдау танытып, өз пікірін білдіруге тырысты. Мектеп бітірушілер, техникум студенттері мен жұмысшы жастар арасынан Алматыға арнайы барғандар аз болмады. Кейін олардың ішінде қалаға жетіп үлгергендер, алаңға кіре алмағандар, шеруге қатысып, кейін қудалауға түскендер болды. Олардың басым бөлігі кейін өз әрекеттері үшін жазықсыз жазаға тартылды. Талғар ішінде де жастар жиындары өтті. Қала көшелерінде жиналған топтар «Әділдік керек!», «Қазақстан басшылығын қазақ басқарсын!» деген талаптарын айтты. Бұл қозғалыстарды билік «нашақорлар мен бұзақылардың әрекеті» деп қаралап, аудандық милиция күшейтілген режимге көшті. Желтоқсан оқиғасына қатысқан Талғар жастарына қарсы бірнеше бағытта жаза қолданылды. Жоғары оқу орындарында оқыған аудан студенттері көтеріліс қаһарманы емес, «тәртіп бұзушылар» ретінде бағаланып, жүздегені оқудан шығарылды. Қатысқандардың біразына «қоғамдық тәртіпті бұзу», «бұзақылық» баптары бойынша жалған айып тағылып, бірнеше айға немесе жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. КГБ өкілдері Талғардағы әр отбасының есігінде тұрды деуге болады. Желтоқсанға қатысқан жастар жұмысқа орналаса алмады, құжаттарын өткізу кезінде кедергі көрді, тіпті ауыл ішіндегі жиындарға қатысуы бақылауға алынды. Қарапайым ауыл отбасы үшін «баласы тәртіп бұзды» деген жала үлкен қайғы еді. Көп ата-ана баласы үшін қорықты, алаңдады. Бірақ сонда да олар баласын жасырмады, қайта рухын көтеруге тырысты. Аудан бойынша жүздеген жастың қатысқаны айтылғанымен, ресми тіркеуде олардың нақты саны ұзақ жылдар бойы жасырылып келді. Олардың арасында студенттер, техникум түлектері, кәсіптік училище жастары, колхоз-совхоз жұмысшылары бар.
Клара Шералықызы Бегалиева 1986 жылы Қазақ педагогикалық институтының «Бастауыш сыныптарды оқыту педагогикасы мен методикасы» бөлімінің 4-курс студенті еді. Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы, ұлт көсемі Д.А.Қонаевтың орнынан алынғанын ол ертеңгісін жатақханадағы радиодан естіді. Содан жанындағы құрбылары Гауһар, Нұрсұлу, Гульфайруз төртеуі сабаққа келгенде, алты қабатты оқу корпусының іші гу-гу еткен студенттерге толы екен. Араның ұясындай құжынаған әр этаждағы оқып жатқан тарихшылар, географтар, басқа да бөлімнің студенттері сеңдей соғылысып, кешегі өткен кезектен тыс Қазақстан Компартиясының сессиясы туралы әңгімелесуде. Клара оқитын төртінші курстың студенттері бұл кезде алтыншы қабатта сабақ оқып жатқан. Түске таман Панфилов демалыс паркі жағынан қолдарына әртүрлі плакаттар мен ұрандар ұстаған қазақтың өрімдей ұл-қыздары лек-лек болып өтіп бара жатқанын көрді. Сабақ жайына қалды. Оқытушының қой-қойлағанына қарамастан осы топтағы 25 қыздың бәрі алаңға келгенде қарақұрым болып жиналған жастар Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, қолға ұстайтын дыбыс ұлғайтқышы бар радиомен өз тілектерін айтып жатты. Ертесіне қала шетіндегі жатақханадан №66 автобуспен сабаққа келе жатқан қасындағы құрбысы Гауһар екеуі Абай көшесінен түсіп қалып, тағы алаңға барды. Бұл жолы кешегіден жастар көп емес екен. Оның есесіне кешегі қанды қырғыннан жарақат алып, бастарын ақ дәкемен орап алған, от шашқан көздері ашуға толы қазақ жігіттері көп болып шықты. Түстері суық, еңгезердей-еңгезердей жирен солдаттар темір қалқандары мен білемдей- білемдей резеңке сойылдарын қысып ұстап, алаңды жан-жағынан қоршап алыпты. Көп күттірген жоқ, түске таман темір қалқандарын тарс-тарс соққан солдаттар бірден шабуылға шығып, қазақтың ұл-қыздарын баудай түсіре бастады. Ұрыс амалдарына әбден жаттыққан Ресей солдаттары бұларды лезде қан-жоса етті. Қанды қасаптан жан ұшыра қашқан Клара Абай көшесіне жете берген тұста көк желкеден тиген соққыдан мұрттай ұшты. Көз жанары жарқ етіп, талықсыған ол есін жиғанда темір терезесі бар машинада келе жатыр екен. Содан бұларды Алатау ауданындағы ішкі істер бөліміне әкеліп түсірді. Сол күні қуықтай бөлмеде сығылысқан отыз-қырық қыз кезек-кезек тергеуге алынып, көрмегенін көрді. Сап-сары киініп, бұларға қаһарын төккен орыс ұлтының әскери тергеушілері қыздарды ауыр сұрақтың астына алды. Кезек өзіне келгенде Клара: «Алаңға не үшін бардың?»- деген сұраққа, «Қазақстанды қазақ ұлтының азаматы басқару керек қой?! Сол үшін бардым»-деп тайсалмай жауап берді. Бұдан жазбаша түсінік алып, әр қырынан суретке түсірген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеушілері көп ұстамай босатып қоя берді. Желтоқсанның 27-сі күні қазақ педагогикалық институтының ректоры Тоқмағамбет Садықов қол қойған: «Желтоқсанның 16-17 күндері қоғамдық орындарда болған жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін» оқудан шығарылсын деген бұйрықты қолына ұстатқан ұстаздары, оны ауылына кайтарды. Көрмегенін, сол туған ауылынан көрді. Ауылдың партком, кәсіподақ, комсомол басшылары мұны қайта-қайта жиналысқа салып, намысын жерге таптады. Жаны жаралы бірақ намысын ешкімге бермейтін қайсар қыз Алматы қаласына қайтып келіп, екі жыл СМУ-15 құрылыс мекемесінде сылақшы болып еңбек етті. Заман түзеліп, елімізде «Қайта құрудың» самал желі есе бастаған тұста оқуына қайта қабылданып, оны 1990 жылы бітіріп шықты. Сол жылы қазақтың қара көз жігіті Жұмағали Оразалиевке тұрмысқа шығып, екі жас өмір жолдарын Талғар қаласында бастады. Қазір ол қаладағы Ж.Жабаев атындағы №6 орта мектепте ұстаздық етуде. Клара Бегалиева облыстық прокуратура мен облыстық сотқа шағымданып жүріп, 2017 жылдың 31 қазанында «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды алуға құқығы бар» деген қағазын алып шықты. 35 жыл бойы күткен әділдік салтанат құрды.
Желтоқсаншылардың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Желтоқсан көтерілісі — тек саяси оқиға емес. Бұл — ұлттық рухтың қайта оянуы. Жастардың батылдығы Қазақстан тәуелсіздігінің іргетасын қалаған тарихи қозғалыстың бір бөлігі болды. Желтоқсаншылардың әрекеті бүгінгі жас ұрпаққа әділдік үшін күресуді, ұлттық болмысты қорғауды, елге деген махаббатты, қорықпай өз пікіріңді айту қажеттігін үйретеді. Желтоқсан оқиғасының арқасында елімізде тәуелсіздікке деген сенім күшейді, ұлттық сана жаңғырды, қоғамның еркін ойлы жастары қалыптасты. Бұл мұра Талғар жастарының күш-жігерімен де байланысты. Қазақстан тәуелсіздігін алған соң ғана желтоқсаншылардың шынайы бағасы берілді.
Талғар ауданында желтоқсан оқиғасына қатысқандарға арналған кездесулер мен конференциялар өткізіледі, мектептерде тәрбие сағаттары ұйымдастырылады, аудан кітапханаларында арнайы бұрыштар ашылған.
Талғарлық желтоқсаншылар – Тәуелсіз Қазақстанның рухани негізін қалаушылардың бірі. Олардың әділетсіздікке қарсы бас көтеруі – ерлік. Олардың бастан өткерген қысымдары – тарих сабағы. Олардың мұрасы – бүгінгі ұрпаққа аманат. Талғардың қайсар ұл-қыздары сол рухтың бір бөлігі болды және олардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Г.Тұрсынқожа






