ЕҢБЕКТІҢ ТЕРІ АЩЫ, ДӘМІ ТӘТТІ

ЕҢБЕКТІҢ ТЕРІ АЩЫ,  ДӘМІ ТӘТТІ

Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікке кең жол ашылып, жұмыс жасаймын деген жандарға Үкімет тарапынан мол мүмкіндік беріліп отыр. Қаржылай көмекпен қатар,кәсіпкерліктің қырсырын үйретіп, жұмысты дұрыс ұйымдастыруды, өндірілетін өнімнің сұранысқа сай өтімді, сапалы болуын қамтамасыз етуге қатысты іс-шаралар жайын да жанжақты түсіндіріп, бағыт-бағдар беру мәселелері кеңінен жүзеге асырылуда. «Қарекет қылмай, берекет болмас» дегендей, тек берілген мүмкіндікті неғұрлым тиімді пайдаланып, аянбай еңбек ете білсең, болғаны.

Тұздыбастау ауылының тұрғыны Асқар Нурумов «Жұмыспен қамту-2020 Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша берілетін төменгі пайызды несиеге ие болған жанның бірі. Кез келген жұмыстың тетігі қаржыға келіп тірелетіні белгілі. Асқарға да қолбайлау болған сол қаржы мəселесі еді. Десек те, талпынған жанға қашанда мүмкіндік бар. Өз кəсібін дөңгелетуді ойлаған жас жігіт былтырғы жазда аудандық жұмыспен қамту орталығына барып, өтініш жазып, қажетті құжаттарды жинақтауға кіріседі. Бірнеше айдан соң оның өтініші мен бизнес жоспары мақұлданып, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы бес жыл мерзімге 6 миллион (6 пайыздық) несие алуға қол жеткізді. Кепілдікке үйін қойған жас кəсіпкер, алған несиесін қиналмай қайтара алатынына сенімді. Олай дейтініміз, бұған дейін де
ірі-қара мал басын өсіріп, ет бағытына дайындайтын іскер жігіттің кəсібі біршама жандана түскен. Берілген несие қаражатына 24 бас ірі-қара сиыр жəне жылқы малын алып бордақылады. Бұл іс оған таңсық емес, малдың жайын, жұмыстың ебін білетін кəсіпкердің өнімі де өтімді болып отыр. Түскен қаржыға тағы да мал басын көбейтіп, əрі қарай еңбек көрігін қыздыра түсуде. Бүгінде ел-жұрттың таза, табиғи өнімге деген сұранысы жоғары. Осыны ескерген кəсіпкер болашақта сауынды сиыр бағуға ден қоймақ. Сауылатын сүт жəне
одан əзірленетін құнарлы өнімдер өтімді боларына сенімді. Əрине, мал бағу, оның қора-жайын реттеу, жем-шөбін əзірлеу оңай шаруа емес. Машақаты көп бұл тірлікте оған ағасы мен ата-анасы қолғабыс көрсетуде. Үкімет тарапынан жасалып отырған осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» еңбегінің нəсібін көріп отырған Нурумовтар отбасының өнегелі ісі көпке үлгі! Иə, «Еңбектің тері ащы, дəмі тəтті» дейді халық даналығы. Ендеше, Асқардай еңбекқор жастарымыз көбейе берсін дейміз, біз де.

Райхан АЗИМОВА

«Талғар-ақпарат»