БАЛА ҚУАНЫШЫ – БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

БАЛА ҚУАНЫШЫ – БӘРІНЕН ҚЫМБАТ

Жуырда Талғар қаласында отбасылық үлгідегі “Нұр” қайырымдылық балалар үйіне «Алатау əуендері» МКҚК «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары арнайы келіп балаларға қуаныш сыйлап, шаттыққа бөледі.

«Гүлдер» би тобының бишілері мың бұрала билеп, ансамбль əншілері əннен шашу шашты. Мерекелік шара барысында «Отан», «Қазақтай ел қайда?», «Қазағымның қанаты», «Балаларға» сынды патриоттық əдемі əндер орындалды. Ансамль əншілері Гүлім Құрманова, Гүлжан Қаңтарбаева, Салтанат Ерланова қырғыздың «Негелі сені сүйдім-ай» əнін орындағанда бүлдіршіндер де ортаға шығып, əдемі əуенге қосылып билеп кетті. Балалар шат-шадыман күйге бөленді. Балаларының қуанышына, жаны жадыраған Тұяқ Қаскенқызы «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің қызжігіттеріне, ұйымдастырушыларға аналық алғысын білдірді.
– Балаларымыз қуанса, біздің қуанғанымыз. Көңілді мерекені ұйымдастырушыларға көп рахмет. Өзім ұстазбын, сондықтан да балаларымыз үшін əрбір өткізілетін ісшараның қалайша маңызды екенін білемін. Керемет ұйымдастырылғын мереке үшін алғысымызды білдіреміз. Балаларымызға көңіл бөлгендері үшін ризамыз. Тағы да кездесуге ынтызармыз, – деді «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің директоры Тұяқ Қаскенқызы.

Бүгінде бүлдіршіндердің болашаққа деген өз көзқарастары бар. Қайырымды, жаны жайсаң жан əр сөзін салиқалы, салмақты жеткізетін Тұяқ Қаскенқызын Талғар қаласында отбасылық үлгідегі “Нұр” қайырымдылық балалар үйіндегі игі істері мен мейірім-шапағаты үшін ел құрметтеп отыр. “Нұр” қайырымдылық балалар үйі – мемлекеттің көмегінсіз өз беттерінше тіршілік жасап жатқан үлкен отбасылық ұжым. Олардың басты демеушілері: қарапайым адамдар, жеке тұлғалар мен кəсіпкерлер, шəкірттері мен студенттері де көмек қолын жиі созады. Перзенттің ата-ана алдындағы борышы зор. Ал тағдыр ата-ананың қамқорлығынан айырып, мейірім мен жанашырлыққа зар болып жүрген кезде қанатының астына алып, өз баласындай мəпелеп, ата-анасының жоқтығын сездірмеуге тырысып баққан адамның алдындағы борышы тіптен жоғары ма деймін. Өйткені ол басқаның атқара алмаған міндеттерін арқалап, сен үшін өз басын қиындыққа тікті. Үкіметтің көмегінсіз жанашыр адамдарға сүйеніп, барлық қиындықтарға төтеп беру, тіршіліктегі барлық ауыртпалықты еңсере отырып, көздеген мақсатқа жету – ерен еңбек.

«Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің директоры Абзал Қуанышұлының атынан сөз алған Абзал Байгенженов балаларға ақжарма тілегін арнады. Əдемі кездесу ансамбль əншілерінің орындауындағы Б.Есебаевтың «Жақсылықта жолығайық» əнімен аяқталды. Бала қуанышы – бəрінен қымбат. Бүлдіршіндердің балдай тəтті балалық шағына кірбің түспесе дейсің, əрине. Əйткенмен адам баласының пешенесіне жазылған тағдыр да сан түрлі. Əсіресе, туыла салып тағдырдың сынына ілінген бүлдіршіндердің өмірі толғандырмай қоймайды. Кейбір кезде адам жанына бір ауыз жылы сөз, мейірім мен махаббат та жетіп жатады. Қазақтың «жетімін жылатпаған» халық екендігін дəлелдеп, Ана қанатының астына талай бүлдіршінді алып, оларға бар мейірімін арнап келе жатқан Тұяқ Қаскенқызының еңбегі еленіп, қуаныштың құшағында отырған періште балалардың өмір жолдары жақсылық пен қуанышқа толы болсын. Бақыттарың баянды болсын, балалар!

Гауһар ТҰРСЫНҚОЖА

«Талғар-ақпарат»