Болашақта ел тұтқасын ұстар азаматтардың өнегелі тәрбиесі – бүгінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Олардың асқақ адамшылық және адамгершілік қадір-қасиеттерін, ұнамды мінез-құлық нормаларын рухани-адамгершілік құндылықтар арқылы қалыптастыру – үлкен қажеттілік екендігін ескерген азаматтар осы жолдағы ауқымды жұмыстарын бастап кетті. Солардың бірі ретінде жуырда Ы.Алтынсарин атындағы №49 орта мектепте өткен «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» тақырыбында өткен әкелер форумын айта аламыз.
Қай заманда болмасын, сол қоғамға сай азаматты тәрбиелеудің бірден-бір жолы адамның рухани байлығын арттыру екенін ескерген білім ошағының басшылығы бұл форумның маңыздылығына аса мән бергендігі байқалып тұр. Форумға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекбосынов Матан Рахымбергенұлы, мектеп түлегі, қазіргі таңда Талғар ауданы, Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары Арсен Курманказиев, мектеп түлегі, жеке кәсіпкер, «Virtuose» өнер білім мектебінің негізін қалаушы, әнші, актер Айбар Серкебаев, Талғар аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі, ЮПТ-ның аға инспекторы, полиция майоры Салтанат Жанболатова, Әкелер клубының жетекшісі Ғазиз Түзелбекұлына қатысып, жиналған әкелер қауымына арнап өзекті ойларын ортаға салды.
Мектеп директоры Алдибекова Алмаш Зікірияқызы алты жасында аңға ертіп, он жасында оқ жондырған әке тәрбиесі биік рухтың, біртұтас тұлғаның берік діңгегі екенін алға тартты.
- «Әкеден — өсиет, анадан — қасиет» деген сөздің өзі әке тәрбиесіне әрқашан немқұрайлы қарамауды меңзеп тұр. Әке тәрбиесінің қазақ танымындағы «ұлыңды жетіге келгенше патшадай күт, он үшке жеткенше құлша жұмса, он үштен асқан соң бише кеңес» деген сөзі бар. Осы қағида бойынша қағылез ұлды қасына ертіп, досындай сырласып тұруында үлкен мағына жатыр. Ананың тұғырын биіктетеміз деп, әкені тұқыртудың қажеті жоқ екенін ескергеніміз жөн. Әкенің сабағы – қабағы екенін ұмытпайық, — деп барша жиналған әкелер қауымына ой тастар баиқалы сөзін айтты.
Форумда сөз алушылар да бала бойында адамгершілік тәрбиенің, жақсы қасиеттердің болуы ата-анасына, өскен ортасына байланысты. Бала ісінің дұрыс екенін қоштап, оң бағыт беріп, теріс жерін дереу жөндеп, демеп жіберу ата-анаға жүктелер міндет екенін баса айтты.. «Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақыт та қонады» деген сөзге сүйенсек, «Бала тәрбиесі бесіктен» екендігін ұмытпауымыз жөн деп ой тастады.
Форум барысында мектеп оқушыларының дайындаған концерттік бағдарламасы мен «Әке жүрегі» көрінісі ұсынылды.
Иә, Алла Тағала ЕРКЕК етіп жаратып, еркек болмысына тән намысқойлықты, жауапкершілікті берді ме, сол қасиетінен алыстамауы керек. Мұны «ұр да жық» дөрекілікпен шатастырмау керек. Өзін-өзі тәрбиелеуге қауқары жетпеген еркек балаларын қалай басқара алады? Қысқасы, «Еркекке тіс те керек, іс те керек, білек те керек, жүрек те керек…» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі жігіттің бесаспап болуын меңзеп тұр. Ендеше «Әкелер мектебін» қалыптастырып, әкенің статусын көтеруден ұтпасақ ұтылмасымыз анық.
#49мектеп #Әкелерфорумы #тәрбие