Жуырда Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Халық шығармашылығы орталығы және Н.Тілендиев мемориалды музейінің ұйымдастыруымен Қонаев қалалық мәдениет үйінде композитор, дирижер, күйші, Қазақстанның Халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті. Біріккен Ұлттар ұйымынының білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі мамандандырылған мекемесі (ЮНЕСКО) биылғы жылды Н.Тілендиев жылы деп жариялағаны – оның әлемдік маңызын айғақтайды. Бұл шараның басты мақсаты – қазақ музыкасының асыл қазынасы болған ұлы тұлғаның шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның өнерін ұлықтау болып табылады.
Салтанатты кешті «Алтынай» Мемлекеттік халық биі ансамблі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы, «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі өз өнерлерімен ашты. Олар сахнада қазақтың дәстүрлі әні мен биін, Н.Тілендиевтің күмбірлеген күйлерін орындады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Дінзухра Тілендиева және басқа да танымал тұлғалар қатысып, кештің қадірлі қонақтары болды. Сондай-ақ, Алматы облысына қарасты аудан, қала әкімдері, мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары, аудандық және қалалық мәдениет үйлерінің директорлары да бұл ұлы тұлғаның құрметіне ұйымдастырылған мерейтойлық шараға өз қолдауларын білдірді.
Кеш барысында елімізге танымал өнер жұлдыздары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрамбек Беспаев, Тамара Асар, Айгүл Қосанова, Мадина Сәдуақасова, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Мирас пен Құралай, Гүлнұр Оразымбетова өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар, елімізге белгілі актерлер Ерлан Білал, Еділ Рамазан және Ақбота Рахат театрландырылған үзінділер көрсетті. Бұл кештің мәнін арттырып, көрермендердің зор ықыласына бөленді. Кештің әрбір өнерпазы Нұрғиса атамыздың рухын асқақтатып, «сегіз қырлы, бір сырлы» күй алыбының жан-жақтылығын, тереңдігін ерекше сездірді.
Ұйымдастырылған іс-шара өз деңгейінде өтіп, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Халықтың ілтипатына бөленген кеш Н.Тілендиевтің өнеріне деген құрметті тағы бір рет паш етіп, оның қазақ өнеріндегі орнының қаншалықты жоғары екендігін айқындады. Осылайша, даңқты тұлғаның мерейлі мерейтойы қазақ музыкасының тарихында маңызды сәт болып, оның шығармашылығы насихатталды.
Концерт аясында Алматы қаласы әкімінің арнайы қаулысымен 2014 жылдың 16 мамырында Халықаралық музейлер күніне орай ашылған Н.Тілендиевтің мемориалды музейі көрме ұйымдастырды. Бұл көрмеге композитордың жеке заттары мен жылжымалы фотосуреттері қойылып, оның шығармашылық әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берді.
Аталған концерт ерекше әсерлі әрі рухани бай болды. Әрбір шығарма жүректі толқытып, шынайы махаббатпен орындалды. Н.Тілендиевтің музыкасы тек өнер ғана емес, ол халық үшін патриотизмнің, елге деген сүйіспеншіліктің, ұлттық рухтың айқын символына айналды. Кеш барысында оның шығармалары тыңдаушыларды терең сезімге бөлеп, қазақтың ән-күйінің мәңгілік күшін паш етті.
Кештің ең маңызды қонағының бірі – Н.Тілендиевтің қызы, дарынды дирижер Д.Тілендиеваның қатысуы болды. Ол «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ретінде әкесінің бай музыкалық мұрасын жаңаша өрнектеп, оның өнерінің мәңгілік құндылығын дәлелдеп келеді. Дінзухра әке жолын абыроймен жалғастырып қана қоймай, оның шығармашылығын келешек ұрпаққа аманаттау жауапкершілігін терең сезінетінін байқаймыз. Бұл сәт ұлы композитордың өнері уақыт өтсе де өшпейтінін тағы бір рет айқын көрсетті.
Н.Тілендиевтің музыкасы – қазақ халқының рухани жүрегінен тамыр тартқан мәңгілік мұра. Оның әрбір шығармасы – терең мағынаға толы шедевр, уақыт пен кеңістіктен биік тұрған өнер туындысы десек қателеспейміз. «Аққу» күйінің қанат қаққан әуені тыңдаушысын еркіндіктің самалына жетелесе, «Құстар әні» өмірге деген сүйіспеншілік пен үмітті шертеді, ал «Махамбет» оркестрлік поэмасы еркіндік үшін күрескен рухтың символына айналды. Бұл мерейтойлық кеш оның өшпес өнерін тағы бір мәрте ұлықтап, қазақ мәдениетінде алар орнын айқын көрсетті. Ұлы композитордың туындылары ұрпақтарды біріктіріп қана қоймай, қазақ даласының асқақ рухы мен шексіз махаббатын әлемге жеткізуді жалғастыра береді.
Назерке ҚҰМАРҒАЛИВА
өнертану магистрі
#НұрғисаТілендиев #НұрғисаТілендиевке100жыл #Алматыоблысы #күй #мәдениет