«ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН БІЛІМ – АДАМЗАТТЫҢ ҚАС ЖАУЫ»

«ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН БІЛІМ – АДАМЗАТТЫҢ ҚАС ЖАУЫ»

Алмағайып дүние-тірліктің толқынынан жаның жабырқап, өмірдің сан қатпарының  шешімін таба алмай қиналған сәтте рухыңды оятып, иманыңды нұрландырар себеп іздейсің. Ал сол сәт сәуле шашып алдыңнан шыға келгенде, жаның рахаттанып, сабырға кенелесің.  Қазақы салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың ұрпақтар санасында көмескіленіп, басты құндылықты түсінбейтін жастардың саны артып жатқан шағында ол сәуле жастарға бағдаршам, адасқан өмір жолаушысына жетіқарақшыдай жәрдемші болары сөзсіз. Біз сөз еткелі отырған сәуленің аты – «Имани жаз».

ҚМДБ бастамасымен қолға алынған бұл жоба балалардың  жазғы  уақыттарын тиімді өткізіп, пайдалы білім алып, имандылық нәрімен сусындауына бағытталған.  Ауданымызға қарасты Қайнар ауылдық округіндегі  «Достық»  мешітінде  де бұл жоба сәтті жүзеге асты. Осы жылдың наурыз айында қолданысқа берілген мешіт бар жоғы бес айдың ішінде сүйіспеншілік пен бауырмалдықтың, игілік пен ізгіліктің, бірлік пен мейірімділіктің, барша жақсы амалдардың тоғысқан құтты мекеніне айналып үлгергендігін осыдан-ақ бағамдай беруге болады. Ауыл тұрғындарының рухани тұрғыдан дамуына сеп болар «Имани жаз» жобасы аясындағы «Құран оқып үйренейік»  курсын 30-дан аса ұлдар мен 30-дан аса қыз-келіншектер оқып шыққан. Жақында бір айлық курсты тәмамдаған қыз-келіншектерді марапаттау рәсімі арнайы барып, қатысып қайттық.

Іс-шараға қатысқан Алматы облыстық діни оқу-ағарту бөлімінің жауапты маманы Сәкен Елшібайұлы, ауданның Бас имамы Ерқанат Серікұлы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиал директоры Айдос Ермекұлы және «Достық» мешітінің бас имамы Ербол Серікбайұлы  сынды қонақтардың ішінде болып, курс аяқтаушыларды құттықтап, ізгі лебімізді жолдап, басқан қадамдарына  сәттілік тіледік.

Алматы облыстық Қапшағай мешітінің найб имамы, облыстық діни оқу-ағарту бөлімінің жауапты маманы Сәкен ЕНШІБАЙҰЛЫ:

  • Діни басқарма негізгі бес бағыт бойынша жұмыс жасайды. Соның бірі – «Діни оқу-ағарту» бағыты. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фараби бабамыздың сөзін ескерсек,кКурс бағдарламасы аясында бүлдіршіндер арабша хат танып, Құран оқуды меңгеріп қана қоймай, әдеп, ғибадат, дәстүр сабақтарын да өтті. Сондай-ақ, ата-ананы құрметтеу, білім игеру, отанды сүю, жамандықтан қашық болып, жақсылық жасауға талпыну секілді түрлі игі қасиеттерді бойларына сіңіре түсу мақсатында тәлім-тәрбие жұмыстары да қарқынды жүргізілді.

Талғар ауданының Бас имамы Ерқанат СЕРІКҰЛЫ:

  • Қазіргі қоғам бізден отбасы мен бала тәрбиесіндегі құндылықтарға  жаңа қырынан қарауды талап етіп отыр. Жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі мен жауапкершілігін арттыру маңызды болып отырғандығын уақыт өзі дәлелдеуде. Сондықтан да әр халық, әр ұлт дінін, тілін, мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін мейлінше сақтап қалуға тырысып жатыр. Ұлтының құндылықтары – баланың ой-санасын қалыптастыруға, өзінің қай ұлт өкілі екенін біліп өсуге, үлгі-өнеге алуға зор әсерін тигізетінін білгендіктен де сондай қадамға баруда.  Осы мәселені дендеп түсінген Діни басқарма игілікті қадамды нәтижелі түрде жүзеге асырып келе жатыр. Оны жергілікті жерде өз өадірімізше насихаттап, жас өскіннің санасының дұрыс бағытта жетілуіне ықпал ете бермекпіз.

Ұстаз, филолог-исламтанушы Сұлухан ЖАРЫМБЕТОВА:

  • Жеті жас пен жетпіс жас арасындағы көңілі ілімге сусаған шәкірттер қатысқан бұл курс барысында құран әліпбиі, махраж қағидалары, тәжуид ережелері үйретіліп, бірқатар сүрелердің қысқаша тәпсірі баяндалды. Сонымен қатар бұл курста діннің тірегі іспеттес намаз құлшылығының шариғат талабына сай дұрыс атқарылуын үйретуге басымдық берілді. Өткізілген сабақтар арқылы жамағат көкейлерінде жүрген аз-кем сұрақтарға жауап ала алды. Құлшылықтың ішкі-сыртқы көрінісінен бөлек, шәкірттер ислам діні туралы түсінік-танымдарын қалыптастыра алды.

Курсқа қатысып, білімдерін толықтырған шәкірттердің де ризашылығында шек жоқ. Тіпті Рима Әбілқайырқызы  үш қызы – Нұрсезім, Алтын, Ләйсан Ильгизқызымен бірге оқып, ислам діні, намаз құлшылығы туралы таным-түсініктерін арттырған.

Айгүл Абдиева, курсқа қатысушы:

  • Жасым 55-те, 4 баланың анасымын. Көктал ауылында тұрамын. Өзім дін жолында жүрген соң құран оқып үйренуді ойлап жүретінмін. Сол ой-арманымның жүзеге асуына мешітіміз себеп болғанына шексіз қуаныштымын. Қызым Жұлдыз екеуміз бірге қатысып, білімізді жетілдірдік.

Барлық қатысушыларға курсты  аяқтағаны туралы сертификат пен қасиетті Құран кітабы табыс етілді.