Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына тап болған қазақстандықтар тағы да бірлік пен ынтымақ рухын көрсеткенін атап өтті.
«Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің
мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын», – деді президент.
Қысылтаяң шақта қол қусырып отыра алмай жанашырлық танытқан тұрғындардың қарасы көп. Солардың бірі – тұздыбастаулықтар. Жуырда
Тұздыбастау ауылының азаматы Талғат Ертісұлы бастаған қарапайым халық тасқын судан зардап шеккен аумаққа бір фура жүк жинап аттандырды. 20 миллионға жуық жиналған қаражатқа күрек, қаптар, генератор, шамдар, жылы киімдер,етіктер, балалардың аяқ киімдері, гигиеналық заттар, 1 миллионға дәрі-дәрмек алынды. Талғат Ертісұлы жерлесі Алмат Бисадировпен бірге жүк көлігін Құлсары қаласына апарды. Онда Амангелді атты азамат бастаған жігіттер жүкті Атырау мен Махамбет ауданына жөнелтіп, халыққа үйлестіріп берді. Бұл игілікті іс шараға Тұздыбастау ауылдық округіндегі түрік, дұнған, орыс, ұйғыр ұлттарының өкілдері де белсене атсалысты. Ауылдың ақсақалды аталары мен ақжаулықты әжелеріне дейін зейнетақыларын әкеп беріп, кішкентай бүлдіршіндер қаптар мен күректерді көлікке салысты.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Нұрғали Оразбай, Қайрат Төлендиев, Бектеміс Мұсаханов, Шағзам Купидинов, Қайсар Атамқұлов, Жанат Тұрмағамбетов, Әрсен Аулабаев сынды ауыл азаматтары қажетті құралдарды сатып алып, көлікті аттандыруға аянбай көмектерін берді. Өз кезегінде атыраулықтар қиын-қыстау кезде қол ұшын созған азаматтарға алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын халқымыз су тасқынының зардабын жұмыла жеңбек.
Сәуле Құрмантаева