ҮЙДЕГІ ТӘРБИЕ ТҮЗЕЛМЕЙ ТҮЗДЕГІ ТІРЛІК ОҢБАЙДЫ

ҮЙДЕГІ ТӘРБИЕ ТҮЗЕЛМЕЙ ТҮЗДЕГІ ТІРЛІК ОҢБАЙДЫ

Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие тұжырымдамасын бірізділікке салып, қоғамның қажетті факторы ретінде іске асыратын жағдай баяғыда жеткен секілді еді біздің ұлтқа, бірақ ұлт болашағына келгенде неге екенін арбаны кері шегеріп қала береміз. Айтылуы айтылған жерде, жазылуы жазылған парақта қалып жатыр. Бұл немқұрайдылық, керітартпа қасиет келешекке өз салқынын тигізуі әбден мүмкін…

Бүгінгі жасөспірім – мектеп қабырғасындағы балаң балдырғандар дəл қазірден бастап қайнар бұлақтан қанып ішпесе, ертеңгі келешегі бұлыңғырланғаны бұлыңғырланған. Бұл «індет» қоғамды жайламай тұрғанда ата-баба тəжірибесіне сүйеніп, нигилистік көзқарастан арылуымыз керек. НИГИЛИСТ – ӨЗ ҰЛТЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫН МЕНСІНБЕУ. Сондықтан да білім ошақтары отбасындағы бала тəрбиесінің «бас кейіпкері» ата мен əженің беделі мен ықпалын айқындайтын тəрбие сағаттарын жиі өткізіп, лаж болса сол кісілермен кездесу ұйымдастырылып тұрса құба-құп. Бала атаанасының, мұғалімнің айтқанымен емес, көріп өскен өнегесімен өсетінін ескерсек, көп күшті өзімізге салуымыз керек екені өзінен-өзі шығады. Осы олқылықтың орнын толтыруды діттеген аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйытқы болуымен Кеңдала ауылдық округі əкімшілігі жəне №42 мектеп ұстаздарының қолдауымен «Қарты бар үйдің қазынасы бар» атты кездесу кеші өтті. Басқа кештерден ерекшелігі сол, кездесуге 50-60 жыл бірге ғұмыр кешіп, өмірдің ащытұщысын бірге татып келе жатқан үлгілі үш отбасы қатысты. Төрден орын алған мерейлі отбасылардың балаларға айтары бар деп есептеген ұйымдастырушылар жоғары сынып оқушыларымен қоса ұстаздардың да қатысуын қалапты. Ұрпақ тəрбиелеу үшін тəрбиешінің өзі де тəрбиелі болу керектігі заңды.

«Сақалыңнан айналдым, қарт бабалар,

Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?

О, тірі шежірелер, қалдырыңдар,

Қанеки, нелерің бар салтқа жарар»,— деп ақиық ақын М.Мақатаев жырлағандай балаларымен қоса немере-шөберелерін де рухани жағынан сусындатып отырған абзал қариялар көрген-білген өсиеттерімен бөлісті. Құлжабай, Рүмхан ҚҰЛШЫМАНОВТАРДЫҢ отасқандарына 60 жыл болыпты. Апамыз 12 құрсақ көтеріп, алтауы аман-есен ата-аналарын алақанына сап, мəпелеуде. 12 немере, 14 шөбере сүйіп отырған мерейлі отбасы өмірдің қиынқыстау кезеңдерін бірге көріп, бір-біріне демеу бергенінің арқасында шаңырақтарына қылау түспеген. «Кешірімді бола біліңдер. Үлкенді сыйлаңдар. «Сыйға-сый» деп бабаларың тегін айтқан жоқ», – деп өмір жолында кездескен естелік сəттерімен бөліскен Құлжабай ата оқушыларға батасын да берді. 1960 жылы шаңырақ көтеріп, 4 ұл, 8 қыз тəрбиелеп, олардан 25 немере, 8 шөбере сүйіп отырған Бекен ƏДІЛБАЕВ пен Алтын ЗАИТОВА тəлімді-тəрбиелі отбасылардың бірі бүгінде. Айтары көп ақсақал да кеш қонағы болып жайғасқан екен. Қырғыз елінде дүниеге келіп, өсіп-өнген соң дəм-тұз тартып Талғар жеріне келіп орын теуіпті. «Бір үйлі жаннан құралған толық отбасы ата-анасы, балалары жəне ата-əжесінің болуымен көрінсе, бүгінде толық емес отбасылардың қатары көп. Ол да бала тəрбиесіне əсерін тигізеді. Осындай білім ошақтары тəрбиелі, өнегелі істерді көптеп ұйымдастырса, ұтқанымыз», – дейді Бекен ата.

Мавлюд, Наргиз ЮСУПОВТАР болса Шымкент облысында дүниеге келсе де тағдыр тартуымен Талғар төрінен бірақ шыққан екен. Көп ұлтты Қазақстанның бір шаңырақ астында ұйып отырғанына сүйсінетін түрік ұлтының ақсақалы өзі де үш келінімен бірге тұратынын айтты. Қазақтың тəрбиесінде үйренетін тұстарының көп екенін, бес немересіне ақырындап үйретіп жатқанын жеткізді.

Шараға арнайы қатысқан Кеңдала ауылдық округінің əкімі Қ.Алиханұлы қарттарға амандық тілеп, иықтарына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ақын Б.Көлбаев та игі тілегін өлең жолдарымен төгілтті. Кеш қонақтарына арнап мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламадан соң жиналған көпшілік ақ дастарханнан дəм татты.

– «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең». Қазақ қариясын құрметтеп, төрден орын берген, олардың батасын алмай ешбір іс бастамаған. Ал бүгінде біртіндеп өзгеріске ұшырап бара жатқан осы үрдісті дұрыс жолға қою – басты мақсатымыз болды, – дейді шараның басы-қасында жүрген округ əкімі аппаратының бас маманы Арайлым Бабалиева.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

«Талғар-ақпарат»