Бүгін Талғарлықтар Ұлы Отан соғысының 78 жылдық мерекесін аса құрметпен атап өтті. Аудан әкімі Таңат Айдарбеков және соғыста ерлікпен қаза тапқан батырлардың ұрпақтары ескеріткіш басында баршамызға бейбіт күн сыйлаған қаһармандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Соғыстан қайтып оралмаған батырлардың ұрпағы «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген жалау көтеріп, батыр бабаларының ерлігін ешқашен ұмытпайтынын жеткізді.
Мерекелік шара орталық алаңда көңілді концертке ұласты. Жиылған жұртты айтулы мерекесімен құттықтаған аудан әкімі. Т. Айдарбеков бейбіт өмір мен ашық аспан сыйлаған ардагерлерді жас ұрпақ ешқашан ұмытпайтынын айтып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заман тіледі.
Бойды шымырлатар рухты әндер айтылып, сұрапыл соғысты бейнелеген көрніс қойылды. Баласын, сүйген жарын соғысқа аттандырып тұрған аналардың зарлы үні көпшіліктің көзіне жас ұялатты.