Алматы облысында «Жетісу 360 ̊» жобасы іске асырылды

Алматы облысында «Жетісу 360 ̊» жобасы іске асырылды

Аталмыш жоба Талдықорған қаласындағы мұражайларға   компьютер немесе смартфон арқылы кез-келген уақытта саяхат жасауға мүмкіндік береді.  Енді әрбір адам Жетісу жеріндегі музейлерді виртуалды түрде тамашалай алады. 3d-Tour.kz сайтына кіру арқылы мұражайдағы әр бөлме жайлы ақпарат алып, түрлі жәдігерлерді экранды үлкейтіп көруге болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында жоба авторы Толкунов Мейірхат баяндады, — дейді alatau-zhuldyzy.kz сайты.

Жоба Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы  аясында жүзеге асып отыр. Сондай-ақ, бағдарлама облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асып тұр.

«Енді сіздер Мұхамеджан Тынышбаев және Ілияс Жансүгіров атындағы музейлерге виртуалды саяхат жасай аласыздар. Бұл бағдарламада суреттердің барлығы 360 градуста түсірілген. Кез-келген экспонатты үлкейтіп көруге мүмкіндік бар. Мұндай жобаны жүзеге асыру менің ойыма алғаш рет 360 градуста түскен суреттерді көргенде келді. Жоба 3D форматында жасалған. Оны VR көзілдірігімен де көруге болады», — дейді М.Толқынов.

Айта кету керек, 26 жастағы жоба авторы енді облыстағы барлық 22 музейді және Жетісу өңірінің әсем жерлерін жаңа бағдарламаға енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, бағдарлама қосымша ақпараттармен толықтырылып, сүйемелдеуші гид үш тілді мәліметтер беретін болады.

 

Талғар-ақпарат