Көктемнің алғашқы күні Тұздыбастау ауылдық округінің Мәдениет үйінде «Алғыс айту» күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Адамдар бір-біріне ізгі ниет білдіріп, айналасындағы асыл жандарға алғысын жаудыратын мейірімділікке толы мереке қазақ халқының дархан көңілі мен алтын жүрегінің куәсі іспеттес.
2016 жылғы 14 қаңтардағы №173 Жарлық бойынша 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялағаны белгілі. Дәл осы күні елімізде тату-тәтті тұрып жатқан 130-дан аса ұлт пен ұлыс өкілі бір-біріне ақ ниетпен алғыс айтатын дәстүр қалыптасты. Қаны мен жаны бөлек болғанымен тағдыр табыстырған, елі мен жері бір ниеттес бауырлар бір-біріне шынайы құрметін білдіреді. Аталған шараға аудан тұрғындары, Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері, аудан ардагерлері қатысты. Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков: «Ардақты ағайын, құрметті жерлестер! Қазақстан Республикасында кәсіптік және өзгеде мерекелер туралы ҚР алғашқы президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығына толықтырулар мен өзгерістер енгізуіне байланысты 2016 жылдан бастап 1 – наурыз Алғыс айту күні болып бекітілді. Сіздерді Алғыс айту күнімен шын жүрекпен құттықтаймын! Бұл мерекенің тамыры тереңде жатыр. Ол мейірімділік, ынтымақ, бір-біріне көмек беріп, қамқорлық ету сынды адамның ең асыл қасиеттері көрініс тапқан алмағайып заманды еске салады. Алғыс айту күні ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл мереке тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай халқына деген терең тағзымның белгісі. Сондай-ақ бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді. Бұл күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кең пейілді қазақ халқы қашанда әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық. Ендеше көңілді жадырататын жақсылық істеріміз бен айтар алғысымыз көп болсын. Сіздерді елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!» – деп ізгі ниетін білдірді. Сонымен қатар шара барысында ауданымыздың қоғамдық-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар Талғар ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Игі шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Алғыс айту күні – тұғырлы тәуелсіздігіміз үшін тәубе ететін күн. Елдігіміздің алтын тірегіне айналған достық пен бейбітшілік, ұлтжандылық пен мейірбандық – қазақтың қайталанбас қазынасы. Бір шаңырақ астында, бір тудың төңірегінде топтасқан көпэтносты елдің ортақ тарихын ұлықтау басты міндетіміз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болғай!
Кәусар Әбдікерім