ДӘСТҮРЛІ ӘННІҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ

ДӘСТҮРЛІ ӘННІҢ МАЙТАЛМАНДАРЫ

Нұркелді МАКЕНОВ пен Даяна ТАЙГУШАНОВА Талғар қалалық балалар музыка мектебінің дәстүрлі ән бөлімінің оқушылары. Өнерпаз жеткіншектер замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, тебіренісі мен толғанысын, жұбанышы мен қуанышын паш ететін ұлттық өнерді өздеріне берілген енші деп сезінеді. Балаң жүректері бабадан қалған аманатты аялап, баға жетпес құндылықты қастерлеп қана қоймай, қазақ өнерінің қаймағын рухани жәдігер ретінде жетелеп келеді.

Дəстүрлі əннің келешегі үшін алаңдаған Біржан сал: «Қорқамын, ауруымның түрі жаман, Біржанның
кім ұстар деп домбырасын» деген қорқынышы ұлттық өнерге ден қойған осындай талғарлық өнерпаздар барда бекер ме деймін.

Сан ғасырлық тарихы бар əн өнері сұрапыл ғасырлар ағымының небір қатал сындарынан өтсе де, ұмыт болмай, керісінше, қайта жаңғырып, кемелденіп келеді. Халқымыздың мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасына арналған түрлі байқаулар мен жобалардың жыл санап санының артуына қарап дəстүрлі əнге ден қоюшылар мен тыңдаушылардың да күннен-күнге көбейіп келе жатқанын аңғармау мүмкін емес. Айтылғандардың қатарына жуырда Астана қаласында халықаралық «Таңғы шұғыла» мегатележобасы аясында өткен «Сайра бұлбұлым» халықаралық шығармашылық фестивалін қосуға болады. Осы байқауда жоғарыда біз сөз еткен қос жеткіншек те бақ сынап, туған жерінің намысын қорғап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып қайтты. Қазақтың дəстүрлі əнін насихаттап қана қоймай, əн өнеріне теңізге құйған тамшыдай болса да үлестерін қосып, айналасына əн сəулесін шашып жүрген талғарлық өнерпаздар үлкен жобада өзгелерден озық шығып, Нұркелді бірінші, Даяна екінші орынды жеңіп алды. Əр өңірдің үкілі үмітін арқалап келген бақ сынаушылардың бəрін басып озған Нұркелді Иса Байзақовтың «Желдірмесін» нақышына келтіре шырқағанда, орындау шеберлігіне тəнті болмаған жан қалмаған. Ал Даянаның орындауындағы халық əні «Қарай көзім» тыңдаушыларды əн құдіретіне елітіп, қазылар алқасының ілтипатын арқалатты.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

«Талғар-ақпарат»