Тәуелсіз елдің құрдасымын
1991 жыл — барша Қазақстандықтар үшін тәуелсіздігіміздің арайлы таңы атып, көк туымыз көкте еркін желбіреп, бақыттың байлығына кенелген мерейлі жыл болды. Азаттықты аңсаған ел арманына қол жеткізген жылы қуанышты қуанышқа жалғап, тәуелсіз елдің құрдастары – біздер дүние есігін ашып, жүрегіміз « Тәуелсіз елім» деп соқты. Міне, сол жылдан бері тәуелсіздігімізбен бірге өсіп, болашаққа бірге қадам басып келеміз.
«Мемлекеттік тәуелсіздік тарихтың сыйы немесе тек қазіргі ұрпақтың ғана меншігі емес, ол – өткеннің алдындағы борыш және келешектің алдындағы жауапкершілік»,- деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтып өтті. Расымен де, тәуелсіздіктің арайлы ақ таңына жету жолында еліміз небір нәубетті бастан өткерді. Жүректері «қазағым» деп соққан, әрбір тамырындағы қасық қаны «елім», «жерім» деп жылжыған қаншама батырларымыз бен «сүт бетіндегі қаймағы» дейтіндей қазақтан шыққан қайсар жандар өз бастарын бәйгеге тігіп, жандарын құрбан етті. Соның барлығы келер ұрпақ- біздерге тәуелсіз, бейбіт елдің тізгінін ұстату үшін еді. Біз ол қайсар жандарды мәңгі есімізде сақтаймыз және бізге ұстатқан тәуелсіздіктің тізгінін абыроймен алып өтеміз, келер ұрпаққа табыстаймыз.
Қазақстанымыз осы 30 жылда жас сәбидей қаз-қаз тұрып, тұсауын өміршең уақытқа кестірген 1991 жылдардан бастап тәуелсіздік тізгінін бекем ұстай білді. Осы уақытта алыс-жақын көршілерімен іскерлік-бауырлық қарым-қатынас құрып қана қоймай, өзімізді бүкіл әлемге мойындатып келеміз. Соның барлығы нақты әрі аса дәлдікпен құрылған үлкен стратегиялық жоспар мен елі үшін адал қызмет жасап келе жатқан ұрпақтың жетістігі деп білемін.
Еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев « Бүгінгі жастар өте білімді, алғыр. Олардың өз көзқарас, көкжиегі кең. Жаһандық үрдістің бет алысын терең түсінеді, ауқымды ойлай біледі. Ғылым мен технологияның қыр-сырын игерген. Біздің ізімізді басып келе жатқан буынның азаматтық белсенділігі өте жоғары. Ертең абыройымызды асыратын да осы ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауымыз керек»,- деп жастарға үлкен үміт артатынын және сенім білдіретінін жеткізген еді. Расымен де, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуші мамандардың, соның ішінде мұғалімдердің ең бірінші алға тартатын бастамасы да осы болуы керек секілді.
Тәуелсіздікпен бірге туылып, тең қадам басып келе жатқан мен де өз өмірімнің ісін мұғалімдік саладан тапқан едім. Осы жоғарыда жазылған ел президентінің сөздері менің өмірлік ісім мен мамандығымның ұраны деп қабылдаймын. Өскелең ұрпақтың өрісін ашып, қабілетін шыңдаумен бірге денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтына баулу, жаны мен тәні сау ұрпақ тәрбиелеу — менің басты қағидам. Ол қағиданы жүзеге асыруда Отанымды, мамандығымды және алдыма келген әрбір шәкіртімді бағалау мен жақсы көруден бастаған маңызды деп түсінемін.
Ойымды қорыта келе айтарым, Тәуелсіздік- ең бағалы қазынамыз. Ол – тарих алдындағы борышымыз, келешек алдындағы жауапкершілігіміз. Тәуелсіздікпен тайталаса туылып, тұсау кесіп, нық қадам басып келе жатқан өзімді шексіз бақытты жанмын деп санаймын. Себебі, мен – Тәуелсіз елдің ұрпағымын!
Бексұлтан Нұрымов,
№29 орта мектептің денешынықтыру пәні мұғалімі