Қай ғасырда болмасын азаттық, егемендік үшін қанымыздың суша аққанын, сүйегіміздің тау-тау боп үйілгенін тарих дәлелдеп отыр. Ата-балаларымыздың асыл арманы болған тәуелсіздік бақытын көру бүгінгі бізге бұйырыпты. Қайраттай қайсар жігіт пен Сабирадай сабырлы қыздың төзімі таусылып, алаңға шыққан жастарды қолдау орнына темір құрсауға жіберген азаттықтың құны өте жоғары. Тамырын терең жайған тарихыма көз жүгіртсем, санама сан түрлі сұрақ келеді. Сол сұрақтың бәріне «Мен егемен елдің ұланымын. Менің елім тәуелсіз. Мен өз туы мен өз аймағы, өз әнұраны, өз Ата Заңы бар – қазақпын!» деп жауап беремін. Біз Өр Алтай мен Атыраудың арасын мекен еткен сақтан қалған сарқыты, ғұннан қалған жұрнағы, үйсіннің жүріп өткен ізіміз. Біз қазақпыз!
Әрине, бұл егемендік бізге оңайлықпен келмеді. Желтоқсанның ызғарлы желінде елі, Отаны, жері үшін қаншама жандар қыршын кетті, тірі қалғандары қуғын-сүргінге ұшырады, оқудан қуылды. Қай заманда да ақиқатты айту жеңіл емес. Шырылдаған шындықтың бетіне тура қараудан жасқанған империя — білек күшін тағы да көрсетті. Жауқазын жастардың бейбіт жиыны осылай қара күш арқылы тапталды.Адам баласына нұр сәулесін шашатын Күн ана сол күні сұмдық көрініс көруіне тура келді. Арман көгіне енді ғана үміт артып келе жатқан балауса бойжеткен мен көк өрім бозбаланың өз жерінде, өз елінде таяққа жығылып, ары тапталып жатуын көріп тұрған мейірімді Анамыздың өзі сұмдық көрініске шыдамай бетін бұлтпен жасырған болар? Сабау, қорқыту, қуғындау, жазықсыз сотталу… Онсыз да «мың өліп, мың тірілген» жоқ па едік?! «Желтоқсан оқиғасы» деп жатады. Меніңше бұл оқиға емес. Оқиға – қалыпты өмір ағымындағы өзгеріс, аяқ-асты болатын әркеттің барысы. Ал желтоқсандағы қанды қақтығысты мен өз басым оқиға деп айта алмаймын. Бұл адам бойындағы алпыс екі тамырдың өз-өзіне сыймай, шын мәнінде бір елдік рухтың тасыған үлкен бір ғажап сезімі. Сондықтан желтоқсан — еркіндікті аңсаған, азаттық үшін көтеріліс. Аллаға тәуба дейік, биыл осы азаттық үшін көтерілістің арқасында егеменді ел болып отырғанымызға отыз жыл толып отыр. Еліміздің рухы күннен–күнге көтеріліп келеді. Жалпы біз үшін тәуелсіздік –Ту, тәуелсіздік — ауа, жер — су, тәуелсіздік ел дәулеті болып табылады. Тарихта қай соғыс болмасын, ол сол елдің территориясы немесе табиғи байлығы үшін емес, елдің ұлттық рухын, болмысын жоғалту мақсатында болады. Міне, осы мақсатты көздеген өзгелердің жоспарының күл-талқаны шықты. Тәуелсіз елдің қызы — өжет, ұлы — қайратты, халқы — қаһарман. Жүрегі елім деп соққан, санасы Отаным деп тұрған қайсар қыздар мен қайратты ұлдардың арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол тәуелсіздік жолында күрескен аға-әпкелерімізді батырдан кем көрмеуіміз керек. Сол батыр аға-әпкелерімізге лайықты құрмет пен қошамет жасауымыз қажет. Қазіргі біздің алқып-шалқып, еш алаңсыз өмір сүріп жүргеніміз, сол батырларымыздың арқасында. Сол батырларға өз атымнан басымды иіп тағзым етемін. Ондай аға- әпкелеріміз қазір саусақпен санарлықтай ғой.
Біздің мектеп ұжымын бақытты деуге болады. Себебі, біз осындай батыр қызбен әріптеспіз, батырдың жүзін күнде көру, қолын алып, күнде амандасу бақыты бізге бұйырған. Менің батыр дегенім — бастауыш сынып мұғалімі, сонау қанды қақтығыстың қақ ортасында болған қайсар қыз, көркем мінезді асыл жан, аяулы жар, ардақты ана, ақ жаулықты әже- Бегалиева Клара Шерәліқызы.Мектебімізде оқушыдан бастап бәріміз батыр қызды құрметтейміз, Клара апаймен мақтанамыз! Әңгіме арасында Клара апайымыз сол көрініс жайлы айтып берсе, денеңіз түршігеді. Көзбен көріп, сол жерде болмасақ та Клара апайдың әңгімесінен кейін денеңде түршігу, қорқыныш сезімі пайда болады. «Тәуелсіздіктеріңе тәуба деңдер, бағалай біліңдер, шүкіршілік жасаңдар» деп, бізді сабырға шақырып отырады.