Баянды болсын!

Баянды болсын!

Баршаңызды Республикамыздың әр азаматы үшін айтулы — Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау. Көк байрағы желбіреген, бүгінгідей абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай!

Алдымызда келе жатқан мереке қарсаңында, Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде, ауданымыздың мемлекеттік қызметшілерін Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен бекітілген қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлық стандарттарын айқындап берген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін қатаң ұстануға шақырамын.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта:
1) жалпы қабылданған моральдық-
әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге;
2) қарапайым болуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға;
3) өз тарапынан қоғамдағы адамгершілікке, тәртіпке және қауіпсіздікке қол сұғушылыққа әкелетін заңнама талаптарын бұзуға және басқа азаматтарды құқыққа қарсы, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тартуға жол бермеуге тиіс екендігін еске саламын.

Е.Толкынов,
Талғар ауданы әкімінің орынбасары —
Әдеп жөніндегі уәкіл