Биылғы Мемлекет басшысының Жолдауына баса назар аударатын болсақ, Республика Үкіметі мен жергілікті әкімдерге жүктелген міндеттер түгелдей халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын, білімі мен мәдениетін, бір сөзбен айтқанда, бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруды көздейтіні аян болады.
Сондықтан да болар Қ. К. Тоқаев өз Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын жариялай келе, 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсетіндігін мәлімдеді. Соның ішінде кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақыларын көтеру – ел руханиятына және мәдениет қызметкерлеріне деген шынайы жанашырлық деп білеміз. Өйткені адами капиталдың жаңғыруы кітапхана ісімен тікелей байланысты. Өйткені, кітапханалардың басты мақсаты — сапалы адами капиталды арттыруға ықпал ету, жоғары білімді, жан-жақты ұрпақ қалыптастыруға үлес қосу.
Өзім басшылық жасап отырған аудандық орталық кітапхананың басты міндеттерінің бірі –тұрғындардың оқуға құштарлығын арттыру арқылы мемлекетімізде кітап оқудың беделін көтеру, жас ұрпақты оқуға тарту және төлтума мәдениетімізді сақтап қалу. Сондықтан біз Жолдауда айтылған адами капитал сапасын нығайту және ұлттың рухани, интеллектуалды серпілісінің қажетті құралы ретінде халықты оқуға тартуға, олардың заманауи білім алуына барлық мүмкіндіктерді жасауға тиіспіз. Осы арқылы қазіргі жастарды өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ ақ заманына лайық көзқарасы бар жастар легін қалыптастыра аламыз. Жолдауда көрсетілген бағыттар бойынша жұмыс істеп, күш саламыз. Оның ішінде жаңа технологияларды дамытуға үлес қосу үшін кітапхана ісінде онлайн қызмет көрсету мен электронды басылымдарға басымдық беруді жалғастыратын боламыз.
Махамбет Хармысов,
Талғар аудандық кітапханасының директоры